Депутаттың айтуынша, елде бала туған кездегі төлемдерден бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыларға дейін көп деңгейлі қолдау жүйесі құрылған. Дегенмен, Смолякованың айтуынша, көмек әрқашан тез және дәл көрсетілмейді, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар қиналады.
— Мен бұл мәселені кездесулерде бірнеше рет көтердім, қазіргі таңда біз бір шешімге келе бастадық. Ол — «Бала бағдары» деп аталатын бірыңғай цифрлық модуль. Ол денсаулық сақтау, ағарту, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің дерекқорларын біріктіреді және ерекше қажеттіліктері бар балаларды туғаннан бастап 18 жасқа дейін қолдау көрсетеді. Модуль бала бір құрылымнан екіншісіне ауысқан кезде «көзден таса қалмауын» қадағалайды, отбасыларда жеке бағдар, цифрлық оңалту күнделігі және мамандардан онлайн кеңес алу мүмкіндігі болады. Бұл әсіресе шалғай ауылдардағы отбасылар үшін маңызды, — деп түсіндірді Екатерина Смолякова.
Сонымен қатар, депутат әрбір қолдау шарасына бюджеттен орасан қаражат бөлініп, мемлекеттің қатаң міндеттемелері болатынын атап өтті.
— Баласы үш жасқа толғанға дейін жұмыс орнын сақтай отырып демалысқа шығу, тегін медицина, туғаннан бастап төленетін төлемдер, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы — көптеген көрсеткіш бойынша біз тіпті әлемдегі ең ірі экономикалардан да алдамыз. Біз үшін үйреншікті жағдай, бірақ әлемнің көп елінде мұндай мүмкіндік жоқ, — деді ол.
Депутат ең маңыздысы отбасыларға болашаққа сенім беретін шаралар екенін тілге тиек етті.
— Біз ұсынған модельдің күшті тұсы — ол жүктілік және босану, баланың туылуы, бір жарым жасқа дейін бала күтімі, көпбалалы болу және мүгедек баланы тәрбиелеу секілді бірнеше өмірлік жағдайларды бірден қамтиды. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда 164 350 теңге, ал төртінші және одан кейінгі әр бала үшін 272 475 теңге төленеді. Бұл аймақтағы ең жоғары төлемдердің бірі. Халықаралық тәжірибемен салыстырсақ, бізде жақсы база бар, бірақ кейде икемділік жетпей жатады. Әр отбасы әртүрлі, сондықтан қолдау шараларын әзірлеуге мұны ескеру керек, — деп атап өтті Смолякова.
Депутат «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасын соңғы жылдардағы ең көреген бастамалардың бірі деп санайды.
— Бала елдің ұлттық байлығында өз үлесі бар екенін біліп өссе, оның елге және болашағына деген көзқарасы өзгереді. Бұл болашақ ұрпаққа салынған инвестиция. Жыл сайын 6,8 миллионнан астам баланың шотына төлемдер түсіп тұр, ал бағдарлама басталғалы үш жыл ішінде жалпы аударымдар 2,5 миллиард доллардан асты. Қазақстан посткеңестік кеңістікте болашақ ұрпаққа тікелей төлемдерді заңмен бекіткен алғашқы ел болды, — деп атап өтті ол.
Смолякованың айтуынша, бағдарламаның қаржылық ықпалынан бөлек, тәрбиеге де оң әсері бар.
— Мен бағдарламаның тәрбиелік маңызын да көріп отырмын: балалар ұлттық байлықтың өздеріне тиесілі екенін түсінеді және оны бағалауды үйренеді. Бұл ұзақ мерзімді және дұрыс бастама, — деді ол.
Сонымен қатар, депутат мектептегі тегін ыстық тамақ бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Мәжілістің VIII шақырылымында ол парламенттік сауалнамалар жолдап, мектеп тағамдарын ұсынатын кәсіпкерлермен кездесулер өткізген.
— Мынаны түсіну маңызды: Қазақстанда 1-4 сынып оқушыларының барлығы отбасы табысына қарамастан тегін ыстық тамақпен қамтылған. Көптеген батыс елдерінде мұндай тамақ тек кедейлікті растайтын құжатпен ғана беріледі, бұл көбінесе теңсіздік пен буллингке әкеп соқтырады. Бізде бұл мәселе оң шешімі тапқан — барлық бала тең. Президент тіпті дамыған социализм кезінде де бұндай болмағынын, сонымен қатар біз бұдан да артық жұмыс істеуіміз керек деп қадап айтты. Мен мұны өз жұмысымда сезінемін — мәселе күрделі, бірақ шешуге болады, бастысы, оған тың көзқараспен қарау қажет, — деді Смолякова.
Депутат сонымен қатар елде қолданылып жүрген әлеуметтік қолдау шараларын бағалау мен кеңейтудің маңыздылығын, оларды қоғамның өзгермелі қажеттіліктеріне бейімдеу керек екенін атап өтті.
— Қолдау бір реттік бастама емес; бұл үздіксіз жұмыс. Біз суперәлеуметтік мемлекетпіз, әрі өмір шындығына айналған бұл жетістіктерді бағалау және молайту керек, — деп сөзін түйіндеді депутат.
Осыған дейін Құрылтай депутаты Захира Бегалиева Қазақстанда әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрі қатар көрсетілетіні туралы жазған болатын.