Біздің міндет – азаматтарының құқығы мен бостандығын әділ қорғау – Марат Қуандықов

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгінде елімізде сот жүйесін жетілдіруге барынша көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде аталмыш салада сәтті жүзеге асқан реформа көп. Отырар аудандық сотының төрағасы Марат Қуандықовпен әңгімеміз осы жайлы өрбіді. 

Фото: otyrar.kz

– Біздің ең басты міндетіміз – халықтың сот жүйесіне деген сенімді жоғалтып алмау. Міне, сондықтан ба сот саласында жыл сайын өзгерістер орын алып, жүйелі реформалар іске асырылып келеді. Айталық, әкімшілік әділет жүйесі. Бұл азамат немесе ұйым, мемлекеттік басқару органы арасындағы жариялы-құқықтық дауларды шешудің ерекше процестік тәртібі. Ол құқықтық институт ретінде атқарушы биліктің лауазымды адамдарының заңдар мен ережелерді сақтауын қамтамасыз ету үшін қоғамда және мемлекетте сот бақылауы функциясын орындайды. Елімізде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың құрылып, өз қызметін бастағалы үш жылға жуық уақыт болды. Әкімшілік әділет институының тиімді инструменттерінің бірі ретінде татуластыруды айтуға болады. Ол билік органдарының жұмыс сапасын көтеруге ықпал етуге бағытталған. Яғни, әкімшілік сот ісін жүргізуде сот процестің бүкіл сатысында тараптардың татуласуы үшін тиісті шараларды қабылдайды. Сонымен қатар, дауды реттеуге жәрдемдеседі. Ал, медиация-тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылып, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттейді. ӘРПК-нің 120-бабында татуластыру рәсімдері жайлы айтылған. Тараптар өзара жол беру негізінде әкімшілік процестің барлық сатысында (кезеңінде) сот шешім шығаруға кеткенге дейін татуластыруды көздейді. Медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Жауапкердің қалауы болған кезде тараптардың татуласуына жол беріледі. Дауды медиация және партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу сотта осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Орайы келгенде әкімшілік сот өндірісінде қаралған бір әкімшілік істі мысалға келтірейік. Талап қоюшы жеке тұлға Отырар ауданы Шәуілдір ауыл округі әкімінің 2019 жылғы 29 мамырдағы №58 шешімінің күшін жою туралы 2022 жылғы 02 желтоқсандағы №170 шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту туралы әкімшілік іс бойынша медиациялық келісімге келді. Медиациялық келісімде бір тарап қаулының күші жояды және атқарушылық іс жүргізуді қайта бастайды делінген. Ал, екінші тарап келісімнің талаптарын қабылдайды және талап қоюды толық көлемде қайтарып алады. Сөйтіп тараптар татуласып, бір келісімге келді. Бұдан шығатын қорытынды, медиаторлардың міндеті дауласқандарды бір келісімге келтіріп, араздасқандарды ағайындыққа шақырады.

– Аудандық сотта қылмыстық істің қандай түрлері көп қаралады?

– Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет. Әрбір демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекеттердегі секілді Қазақстанның да ең басты байлығы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әр адам, саяси немесе басқа да наным-сенімдеріне, тіліне, дініне, ұлттық, немесе әлеуметтік тегіне, нәсіліне, түр-түсіне, жынысына, әлеуметтік топтарына немесе басқа да белгілеріне қарамастан тең құқылы. Қазақстан Республикасының Конституциясының 12-бабында «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар» делінсе, Адам құқыларының жалпыға бірдей Декларациясының 8-бабында «Әрбір азаматтың тәуелсіз және әділ сот арқылы істің әділ және ашық қаралуын талап етуге құқығы бар» деп жазылған. Яғни әрбір адам өз құқықтары мен бостандығын сот арқылы қорғай алады. Сот - адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты құралы. Жеке тұлға өзінің құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және жекелеген азаматтардың кез келген заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне қатысты сотқа шағымдануға құқылы.Реті келгенде айта кетейік, Отырар аудандық сотында азаматтық істер бойынша несие қарыз шарттарына байланысты талап қою мәселелері көп қаралады. Ал, қылмыстық істер бойынша Отырар ауданының халқы мал шаруашылығымен айналысатын ел болғандықтан мал ұрлығына байланысты арыз-шағымдар да жиі келіп түседі. Біз өз тарапымыздан халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға барынша көңіл бөлудеміз. Мәселен, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін жұмыс арасында ел тұрғындарымен құқықтық тақырыпта семинарлар, кездесулер өтікізіліп, қойылған сұрақтарға заң тұрғысынан жауаптар беріледі. Әрбір адам өзінің құқықтық білімін жетілдіріп, толықтырып отыруы тиіс деп санаймын.Жалпы Отырар ауданы қазақы өңір. Мұнда ауызбіршілік пен бірлік жақсы жолға қойылған. 

– Онда айта кетіңізші, ауданда сотқа дейінгі орталықтардың шешімімен бітімге келетіндер көп пе?

– Отырар ауданында қаралып жатқан арыз-шағымдар бойынша 2024 жылы 122 азаматтық іс, 3 қылмыстық, 26 әкімшілік құқық бұзушылық, 6 әкімшілік іс медиация тәртібімен қаралып, өндірістен тоқтатылды. Өңірімізде ауыл билер кеңесі құрылған, сонымен қатар 18 кәсіби емес медиатор, 2 кәсіби медиаторлар жұмыс істейді. Мен мұны даудың сотқа дейінгі тәртібін реттеудің ең тиімді жолы деп есептеймін. Қазақы қаймағы бұзылмаған ауылды жер болған соң, отбасылық немесе басқа да даулар кездеседі, осындай кішігірім даулар аталған орталықтардың көмегімен оң шешімін тауып жатады. Бұл біз үшін қуантарлық жағдай. Әрине, әділ шешім шығарып, сапалы жұмыс талап ету үшін судьяларға жағдай жасалуы қажет. Мәселен, мен Отырар ауданына 2022 жылы сот төрағасы болып тағайындалдым. Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігімен судьялардың әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан, аудандық соттағы судьялар тұрғын үймен қамтамасыз етілген, жалпы судьялардың әлеуметтік жағдайлары көңілге қонымды деуге болады. Жыл басынан бүгінге дейін Отырар аудандық сотында 450 азаматтық, 27 қылмыстық, 462 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, 10 әкімшілік іс қаралған.

– Осы орайда сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялар мен кеңсе қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, соттардың жариялылықпен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Кеңірек айта кетіңізші... 

– Отырар аудандық соты мен сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялар мен кеңсе қызметкерлерінің кәсіби дейгейін аттыру, жариялылықпен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында семинар-тренингтер, судьяларға дәрістер, «дөңгелек үстелдері» ұдайы өткізіп тұрамыз. Бүгінде сот жұмысының сапасын арттыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екені белгілі. Әрине, сот отырысында екі тараптың мүддесі қозғалатындықтан, жеңілген тараптың өкпе-реніші болатыны рас. Бірақ дауларды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, сот актілерін түсіндіру, сот отырысын дыбыс-бейне таспаға жазу бойынша қолға алынған шаралар сот жұмысына деген наразылықты біршама төмендетеді. Тәуелсіз кассациялық сот құру сот төрелігінің сапасын және азаматтардың жалпы соттарға деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, кассациялық сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып, шешім шығаруға жол ашады. Жақында кассациялық соттарды құруға байланысты қолға алынған бастама да-осы реформалардың жалғасы. Әрбір демократиялық, зайырлы мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – елде заңның үстемдігін орнатып, азаматтарының құқығы мен бостандығын сапалы, әділ қорғауды қамтамасыз ету. Сот ісін жүргізу мәселесі мемлекет үшін де, азаматтар үшін де ең маңызды дүние. Елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенімін көтеруге бағытталған реформалар үздіксіз жүргізіліп келеді. Және олардың берері көп деп ойлаймын. 

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет! Ата Заңымыз мәңгілік елдің мызғымас тірегі болғай!