Бізге 3-4 АЭС керек – Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Электр қуаты тапшылығын жою үшін 3-4 атом электр стансасы қажет. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев айтты.
- Қазіргі таңда жанар-жағармай бағасының көтерілуіне қатысты мұнай өңдеу зауыттары шығынымызды жаба алмай жатырмыз деген сынды мың сан сылтау айтады. Бірақ қазір өсіп бара жатқан бағаны тоқтату керек. Бұл ретте бағаның өсуіне әсер ететін 2 мәселе бар. Бірі жанар-жағармай, екіншісі электр қуатының бағасы. Осы екеуі қатты әсер етіп, басқаларының қымбаттауына алып келеді. Яғни, бензин қымбаттаса - тасымалдау, электр қуаты қымбаттаса - өндіріс қымбаттайды, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, еліміз электр қуаты тапшылығын болдырмау үшін атом электр стансасын салу туралы шешім қабылдады.
- Атом электр стансасының біреуін емес, 3-4-еуін салу керек. Қазақстан ішінде салу қажет. Мысалы, кішкентай ғана Францияның өзінде 56 реактор бар. Атом стансасы бар. Пайдаланып жатыр ғой, неге біз одан қашуымыз керек, - деді Мұрат Ергешбаев.
Бұған дейін депутат газдан қосылған құны жоғары өнім алуға баса мән беру қажет екенін айтты.