Бізге кел, іскер маман, білегіңді сыбанып: ПІБ әкімшілік ғимараттар дирекциясы Астанада өткен бос орындар жәрмеңкесіне қатысты

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгін Astana Polytechnic жоғары колледжі ғимаратында өткен іс-шараға 70-тен астам ұйым қатысты. Олардың қатарында ҚР Президентінің Іс басқармасына қарасты ҚР Президенті және Үкіметі әкімшілігінің әкімшілік ғимараттар дирекциясы мекемесі де бар.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Айта кетейік, Дирекция қызметтік ғимараттарды пайдаланумен, техникалық қызмет көрсетумен және ҚР Президенті Әкімшілігі мен Үкіметін жабдықтаумен айналысады. 

Дирекцияның кадр жұмысы бөлімі басшысының орынбасары Диас Мухамедиярдың айтуынша, жәрмеңкеде 16 мамандық бойынша жұмыс орындары ұсынылған. Бүгінде дирекцияға инженер, менеджер, слесарь, тасымалдаушы, аспаз, тазалаушы сияқты мамандар қажет.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Қызмет көрсетілетін жаңа нысандар пайда болғандықтан кадр қажеттілігінің сезілуі заңдылық. Бұл ретте, қатарымызға жұмысқа қабілетті, біліктілігі жоғары іскер мамандарды қосқымыз келеді. Орташа есеппен 50-60 маманды жұмыспен қамтуға дайынбыз. Квазимемлекеттік сектор бағытындағы мекеме болғандықтан, жұмыскерлерді толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етеміз», - деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Белгілі болғандай, Дирекция жыл басынан бері 2 бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан. Атап айтсақ, 26 сәуірде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мансаптық орталығының шақыруымен Дирекция мамандары оқу орнының соңғы курстарының түлектері мен студенттері үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеде төбе көрсетті. Нәтижесінде 25 түйіндеме иелерімен сұхбат өткізілген.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ал, 3 мамырда Дирекция Еңбек ұтқырлығы орталығы ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесіне қатысты. Іс-шара барысында 180-ге жуық азаматты қабылдау және кеңес беру жүзеге асырылған. Осылайша, 93 азамат бос жұмыс орындарына қызығушылық танытып, түйіндеме өткізген (40 – электронды түрде, 53-қағаз түрінде). Біліктілік талаптарына сәйкестігі және әңгімелесу нәтижесі бойынша Дирекцияға 25 адам жұмысқа қабылданғанын атап өткен жөн.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Түйіндеме өткізген азаматтардың «маған хабарласпай жатыр, талапқа сәйкес келмедім-ау» деп алаңдайтын жөні жоқ. Қалған түйіндемелер қызметкерлердің басқа жұмысқа ауысуы немесе жұмыстан шығуы кезінде кезекпен қарастырылмақ. Сондай-ақ, «Еңбек.кз» сияқты жұмыс орындары жарияланатын сайттардағы мәліметтер назарға алынбақ.