БЖЗҚ ақшасы жеке капиталдарға да салынуы мүмкін

Фото: Фото: ШҚО Күршім ауданы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық табысын арттыру үшін қандай шаралар қабылданатынын айтты.

— Біз былтырдың өзінде БЖЗҚ-дағы кірістілігі жоғары пакеттердің үлесін 40 пайызға жеткізгенбіз. Біздің зейнетақы жүйесі әлі «жас» екенін, жинақтау режимінде жұмыс істеп жатқанын айту маңызды. Жыл сайын салымшылардан ақша түсіп жатыр, үнемі өсіп жатыр. Егер биыл доллар сатып алмасақ, кірістілігі жоғары акциялардың үлесі 40 пайыздан 35 пайызға дейін құлдырап кетеді. Сондықтан осы үлесті сақтаймыз. Ай сайын 200-250 млн долларды жыл аяғына дейін валюта нарығынан сатып алып отырамыз, — деді ол Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ол БЖЗҚ акцияларындағы дамушы елдердің облигацияларының үлесі қанша екенін айтты.

— 40 пайыз шетелдік валютада дегенде оның бәріне доллар ғана сатып алдық деген сөз емес. 25 пайызы акцияларға, 30 пайыз көлемде АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Тағы 25 пайыз дамушы елдердің облигацияларында жатыр. Бұл Қазақстанға ұқсас елдер. Мұнда тәуекел қаншалықты жоғары болса, кірістілік те соншалықты жоғары болатынын ұғу керек. Тағы 25 пайызы АҚШ долларымен сатып алынған корпоративтік облигацияларда жатыр. Ұзақ мерзімде жақсы кіріс беретін құрал — акциялар. Иә, ол айтарлықтай құбылмалы құрал. Сәуір айынан басынан бері акциялар қатты құбылып жатқанын көріп отырмыз. Жаңа тариф саясаты жарияланғаннан кейін кейбір акциялар 15 пайыздан жоғары мөлшерде құлады. Былтыр акциялар 22 пайыз өсім көрсеткенін де айтуымыз керек. Оның арғы жылында 24 пайыздай болған. 2022 жылы 20 пайыз кеміп кеткен. Акция - деген өте құбылмалы құрал. Бірақ ұзақ мерзіммен өлшеп қарасақ, салымшыларға нақты кіріс әкеле алады, — деді Нұржан Тұрсынханов.

Ұлттық банк аталған 40 пайыздық үлесті сақтаумен шектелмеуге бекініп отырған көрінеді.

— 40 пайыздық үлеспен шектеліп қалмай, балама қаржы құралдарын енгіземіз. Бұл жеке капитал сияқты анағұрлым кірісті инвестициялар деуге болады. Олар жария қаржы құралы болмағанымен тарихи өлшеммен алып қарасақ, акцияларға қарағанда кірісі жоғары. Әлемде бар тәжірибе. Бүкіл зейнетақы қорлары анағұрлым табысты активтерге көбірек ақша салып жатыр. Оның ішінде жеке капиталдар да, хедж-қорлар да бар, — деді Ұлттық банк өкілі.

Осы іс-шарада «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігін тоқтау туралы ұсыныстарға жауап берді