БЖЗҚ ақшасына тіс емдетушілерге бағаны көтеру заңды ма – құзырлы органдар жауабы

Фото: Фото: pixabay.com

KAZINFORM. АСТАНА – Агенттік тілшісі құзырлы органдарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мөлшерлі шектен артылған сомаға тіс емдетуің құны туралы сауал жолдады.

Редакцияға түскен анонимді шағымдарда Астанадағы кейбір стоматологиялық орталықтардың БЖЗҚ ақшасына тіс емдетушілерге өзгелерге қарағанда жоғары баға ұсынатыны туралы айтылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары стоматологиялық қызметтердің құны мемлекет тарапынан реттелмейтінін, бірақ бір қызметке екі түрлі баға ұсыну заңға қайшы екенін айтты.

- Кәсіпкерлік кодекстің 116-бабы бойынша стоматологиялық қызметтерге бағаны мемлекеттік реттеу жоқ. Монополияға қарсы орган үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі өз қызметтеріне бағаларды негізсіз өсірген не нарықтың екi немесе одан да көп субъектісі сөз байласу арқылы бағаларды негізсіз белгілеген немесе ұстап тұрған жағдайда монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдайды. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактілері бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша анықталуы мүмкін, - деп жазылған жауапта.

Агенттік өкілдері тұрғындардан стоматологиялық орталықтардың баға белгілеу саясатына байланысты жазбаша шағым түспегендіктен қандай да бір тексеру жүргізбегендерін мәлім етті.

- Монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерін көрсететін жеке және заңды тұлғаның өтінішін қоса алғанда, ақпараттың түсуі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады. Осыған байланысты, қазақстандықтар агенттікке немесе оның аумақтық бөлімшелеріне хабарласуға құқылы, - деп жазады агенттіктегілер.

Агенттік мамандары мұндай жағдайға тап болған тұтынушылар шағымын нақты дәлелдермен бірге ұсыну керектігін айтады. Яғни қолыңызда жазбаша шағымнан бөлек мына құжаттар болу керек:

А) шағым түсіріп отырған стоматологиялық орталықтың нақты бір қызметке БЖЗҚ ақшасынан басқа төлем түрлері арқылы қабылдаған түбіртегі немесе қабылданатын прайс парағы;

Ә) дәл сондай қызметке БЖЗҚ ақшасына көрсетілген қызметтің түбіртегі немесе көрсетілетін қызметке сұралған прайс-парақ болу керек.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің жауабында Кәсіпкерлік кодекс стоматологиялық орталықтарға өз бетімен баға белгілеуге құқық беретіні айтылған.

- Емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану тәртібі Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 ақпандағы № ҚР ДСМ-18 бұйрығымен регламенттелген. Кәсіпкерлік кодекстің 26-бабының 4-тармақшасына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің осы кодексте және заңдарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, қызметтерге, өндірілетін тауарларға, жұмыстарға бағаларды дербес белгілеуге құқығы бар, - деп жазылған министрлік жауабында.

Осыған дейін БЖЗҚ-да 260 мыңдай қайтыс болған салымшының 27,8 млрд теңге жинағы сақтаулы тұрғаны туралы жаздық.