БЖЗҚ активтерін банк облигацияларына инвестициялау: 226 млрд теңге аударылды
АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерін екінші деңгейлі банктердің облигацияларына инвестициялау механизмі аясында жалпы сомасы 500 млрд теңге қаражат бөлінеді, қазіргі таңда оның 226 млрд теңгесі аударылды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына Ұлттық банк жолдаған жауапта жазылған.
— Зейнетақы активтерін екінші деңгейлі банктердің облигацияларына нарық шарттары бойынша инвестициялау механизмі бекітілді. Бұл процесс 2024-2025 жылдары жүзеге асады да, жалпы сомасы 500 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Қаражат 7 жылға дейінгі мерзімге және нарық мөлшерлемелерімен беріледі және ол экономиканың басты салаларындағы маңызды бизнес жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Қазір осы механизм аясында екінші деңгейлі банктер 7 жылға 226 млрд теңгеден астам қаражат тартты, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, банктердің экономиканы кредиттеуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жою бағытында да жұмыс жүріп жатқаны айтылды.
— Банктерді ынталандыру шаралары қарастырылып жатыр, соның ішінде корпоративтік табыс салығы (КТС) мөлшерлемесін табыс түріне байланысты дифференциялау мәселесі талқыланады. Экономиканы кредиттеуге ынталандыру мақсатында банктердің табысына қарай КТС-тың дифференцияланған мөлшерлемесін енгізу ұсынылды, - деп жазылған жауапта.
Нақтырақ айтқанда ұсынылып отырғаны:
- Корпоративтік кредиттеуден түскен табысқа мейілінше аз салық салу (20%);
- Басқа табыстарға, соның ішінде тұтынушылық кредиттеуден түскен табысқа барынша көп салық салу (25%).
Бұл норма жаңа Салық кодексі жобасы аясында қарастырылды.
Күні кеше Ұлттық банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов зейнетақы шоттарында инвестициялық табыстың төмендеуі себебін түсіндірді.
«Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тоқтатыла ма?» Бұл сауалға «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов жауап берді.