БЖЗҚ-да 280 мың марқұмның 45,8 млрд теңгеге жуық жинағы сұраусыз жатыр

Фото: Панфилов ауданы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Kazinform сауалына жолдаған жауапта қайтыс болуына байланысты қорға жинақтаған зейнетақысын толық көлемде алып үлгермеген азаматтардың санын айтты.

- Қолда бар соңғы мәліметтерге сүйенсек, БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар, бірақ қайтыс болған және оның зейнетақы шотындағы қаражаты мұра ретінде талап етілмеген шамамен 280 мың салымшы бар. Бұл салымшылардың шоттарындағы қаражат мөлшері – 45,8 млрд теңгеге жуық, - деп жазылған жауапта.

БЖЗҚ мамандары зейнетақы жинақтарын соттың шешімімен иесіз мүлік ретінде танып, коммуналдық меншікке өткізу үрдісі тек 2019 жылдан бастау алатынын айтады.

- Осы орайда, 2019-2024 жылдар аралығында 330 салымшы бойынша коммуналдық меншікке иесіз мүлік ретінде өткен зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 36 миллион теңгеге жуық, - деп жазады БЖЗҚ мамандары.

БЖЗҚ-дағы жинақтары иесіз мүлік ретінде танылған шоттардың өңірлер бойынша көрсеткіші мынандай:

- ШҚО және Абай облысы – 279;

- Павлодар облысы - 47,

- Ақмола облысы – 1;

- Қарағанды облысы – 1;

- Қостанай облысы – 1,

- СҚО – 1.

Айта кетейік, Әлеуметтік кодекстің 34, 220, 2021, 223- баптары бойынша, адам қайтыс болса, оның БЖЗҚ-дағы игеріп үлгермеген жинағы мұраға қалады. Ал Азаматтық кодекстің 1083-бабында қайтыс болған адамның заңды мұрагері анықталмаса, иелігіндегі мүлік иесіз мүлік деп танылып, коммуналдық меншiкке ауысатыны айтылған.

Бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 226 млрд теңгесі банктердің ұзақмерзімді облигацияларына инвестицияланғанын жазған едік.