БЖЗҚ кімдерге қарсы қылмыстық іс қозғатты?

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ 20 борышкер эмитент туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде БЖЗҚ активтерін қайтармаған 20 борышкердің қарызы 41,15 млрд теңгеге жеткен.

2014 жылы 32 эмитенттің борышы 161,45 млрд теңге болатын еді. 2017 жылдың желтоқсанында «Қазақстан қағазы» АҚ эмитенті бойынша оңалту шаралары тоқтатылып, банкроттық процедурасы жасалған. Бұл шарамен келіспеген Қор басшылығы ҚР Жоғарғы сотына арыз түсірген болатын.

Биыл шілдеде Жоғарғы сот мұның алдында шыққан сот актілерін қайта қарау туралы қаулы шығарды. Енді бұл мәселе ҚР Жоғарғы сотының азаматтық коллегиясында 22 тамызда қаралатын болады.

«Проблемалық эмитенттерге келсек, бұл істер азаматтық тәртіпте қаралып бітті, енді қылмыстық тәртіпте қаралады. Осы шешімнің арқасында едәуір қарызды жабу мүмкін болды», - деді БЖЗҚ өкілдері.

2018 жылы «РЭМИКС-Р» АҚ лауазымды тұлғалары «аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін», «Орнек XXI» АҚ басшылығы аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі таңда «Рэмикс-Р» АҚ БЖЗҚ келтірген қаржылық шығынды тексеру үшін аудиторлық тексеру жүріп жатыр.

«Орнек XXI» АҚ тексеру бойынша, компания басшылығы берілген облигациялық займ - 2 млрд теңгені мақсатты бағытта жұмсамағаны анықталды.

Онымен қатар, бірқатар эмитенттер қор алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарып жүр. Атап айтқанда, «HOMEBROKER» АҚ облигациялары 2010 жылы «Атамекен» мен «ҰларYмiт» қорлары сатып алған болатын. Сол қарыз әлі орнына қайтарылған жоқ.

«Эмитенттің мүлкі әрі активтері жоқ болғандықтан, борышты қайтарудың жалғыз жолы - эмитенттің дебиторлық қарызын өтеу болып табылады. Эмитенттің борышкері Асаубаев Бауыржанның  ұрпақтары болатын. 2017 жылы маусымда Алматы соты Асаубаевтың мұрагерлерін борышкерлер тізімінен шығарып тастаған. Қор бұл сот шешіміне қатысты Жоғарғы сотқа арыз түсірді», - деді БЖЗҚ өкілдері.

Аталған қаулыға қарамастан Алматы қалалық соты 31.07.2018 жылы Асаубаевтың мұрагерлерін тағы борышкерлер тізімінен алып тастаған.

Тағы бір эмитент - «Тема.Ко» АҚ жетекшісі Г. А. Ахметов және эмитенттің бенефициарлық меншік иелерінің бірі Б. А. Ахметов облигациялық қарызды өзге мақсатқа пайдаланғаны үшін жауапкершіліктен жалтарып, сот шешімін орындамау үшін басшылар мен құрылтайшыларды жалған жеке тұлғаның атына аударып, компанияны жоқ мекенжайға қайта тіркеген. Алайда Қор жұмыстарының арқасында эмитенттің заңсыз қайта тіркелуіне тосқауыл қойылды. Әділет органдары заңды тұлғалар базасына түзету енгізіп, «Тема.Ко» компаниясының бұрынғы мекенжайын қалпына келтірді. Қазіргі кезде Ұлттық Банк аталмыш эмитенттің облигацияларын «Отан» зейнетақы жинақтаушы қорының сатып алуы қаншалықты заңды екенін тексеруді аяқтап қалды.

«Казнефтехим» АҚ-тың 2005 жылы зейнетақы активтері есебінен құрал-жабдық сатып алуға тартқан 1,03 млрд теңге көлеміндегі облигациялық қарызы өзге мақсатқа жұмсалған. Осыған орай, Қор эмитенттің басшысы Е. Л. Киришевті Қылмыстық кодекстің «Қаржы жымқыру, талан-таражға салу» және «Облигациялық қарызды өзге мақсатқа жұмсау» баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Құқық қорғау органдарының ақпаратына сай, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары тек Киришевтің қайда екені анықталғаннан кейін басталады. Қазір оған жазасын өтеуден бой тасалап жүргені үшін іздеу жарияланған.

Қор зейнетақы активтерін талан-таражға салған тұлғаларды және сот шешімдерін орындауға кедергі келтіріп жүрген азаматтарды жауапқа тарту үшін барлық әрекеттерді жүзеге асыруда.