БЖЗҚ-ның жаңа жеткіліктілік мөлшері ертең жарияланады — вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Виктория Шегай зейнетақы жинағындағы ақшаның жаңа жеткіліктілік мөлшері қашан жарияланатынын айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Қаулы ресми жарияланғаннан кейін БЖЗҚ жеткіліктілік мөлшерін есептеп, күнтізбедегі 10 күн ішінде жариялау керек. 25 мамырда қаулы шықты деп есептесек, ертең-ақ деген сөз, — деді вице министр Сенат кулуарында.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев елдегі БЖЗҚ жинағының жеткілікті шегі бойынша енгізілген өзгеріске қатысты түсінік бергенін жазған едік.

— Еңбек министрлігі өз құзыреті шегінде ережелерге түзетулер енгізумен айналысты. Қолданыстағы формула 9 көрсеткіштен — ең төменгі жалақыдан, ең төменгі зейнетақыдан және басқа да көрсеткіштен тұрды. Жаңа формула 5 көрсеткіштен тұрады. Онда 9% жылдық табыстылық мөлшерлемесі, ай сайынғы төлемдер бойынша жылдық индекстеу мөлшерлемесі және өз де көрсеткіштер қамтылды. Енді ережеге енгізілген өзгеріске сәйкес, заңнама аясында БЖЗҚ 10 күн ішінде 20-дан 63 жасқа дейінгілерді қамтитын және әрбір жасқа арналған тиісті жеткіліктілік шегін анықтайтын есеп-қисапты ұсынады. Бұл есептеулерді аталған қор іске асырып жатыр. Бізге бұл есептеулер әлі ұсынылмады, — деген ведомство басшысы.