БЖЗҚ салымшыларына ақпарат алу барынша жеңілдейді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда БЖЗҚ салымшыларға ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында салымшылар БЖЗҚ мамандарының көмегімен бірнеше минут ішінде www.enpf.kz сайтына тіркеліп, ұялы қосымшаны жүктеп алды.

Қазіргі таңда Қор кеңселерінде мульти-тач экраны бар ақпараттық киоскілер орнатылған.

Келушілер сол арқылы анықтамалық ақпараттар алып, зейнетақы калькуляторы бойынша өздерінің болашақ зейнетақыларының мөлшерін болжамды түрде есептеді. 

Сонымен қатар, ақпараттық киоск арқылы жеке зейнетақы шоты бойынша үзінді-көшірмені электрондық мекенжайға жіберуге болады.

Қазір республика бойынша 10 ақпараттық киоск жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда «электрондық мекенжай» бойынша ақпарат алу тәсілін 754,5 мыңдай адам пайдаланған болса, 3,3 миллионнан астам адам Қордың ресми сайтын немесе смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасын пайдаланған.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Алматы қалалық филиалында «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева салымшылар мен алушыларды жылы шыраймен қарсы алып, бүгінгі шараға келгендері үшін оларға ризашылығын білдірді.

«Ақпарат алудың заманауи тәсілдері отандық зейнетақы жүйесін әрбір азаматқа жан-жақты әрі оңай түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл жерде зейнетақы жүйесін түсіну кәдімгі жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы мәлімет алудан басталады. БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтары туралы онлайн тәртібінде ақпарат ала отырып, өздерінің жұмыс берушілерін және инвестициялық табыстардың есептелуін қадағалай алады әрі зейнетақының мөлшері бойынша болжам да жасай алады. Осылайша, зейнетақы жарналары тұрақты аударылып тұратын болса, зейнетақы жинақтарының көлемі де артатындығына көз жеткізеді. Бұл болашақ зейнеткердің берекелі тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді өзінің алғы сөзінде Сәуле Асқарқызы.

Келушілер жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты кез-келген сұрақты енді «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаеваға тікелей қоюға болатындығын білді.

2017 жылдың сәуір айынан бері 170-тен астам қазақстандық пен басқа да елдердің азаматтары осы мүмкіндікті пайдаланғанын айта кеткен жөн.

Бұдан басқа, Қордың сайты арқылы Қоғамдық қабылдауға жазыла отырып, нақты сұрақтар бойынша жекелей немесе топ құрамына ене отырып жауап алуға да болады.

Айта кету керек, жақында БЖЗҚ ақ жаңа электрондық қызмет түрлерін таныстырған болатын.

Енді салымшылар жеке кабинет арқылы міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш бере алады. Сондай-ақ, олар төлемдерді тағайындау және аудару жөніндегі өтініштің орындалу мәртебесін қадағалауға мүмкіндігі бар.