БЖЗҚ VS ИПБ: 10,5 мың қазақстандық зейнетақы жинағын түгел сенімгерлік басқаруға беруді сұраған

АСТАНА. KAZINFORM – Зейнетақы жинағын БЖЗҚ-дан сенімгерлік басқаруға түгел беру рұқсаты күшіне енген алғашқы 15 күнде 10 мың өтініш иесі жинақтарының 100 пайызын жеке басқаруға беруді сұраған. Мұндай өтініштерде көрсетілген қаражат көлемі 28,2 млрд теңгеге жетті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Kazinform сауалына берген жауабында айтқан.

БЖЗҚ мәліметінше, көрсетілген кезеңде қор салымшыларынан зейнетақы жинақтарын ИПБ-ге басқарту туралы шамамен 39,87 мың өтініш қабылданған. Соның ішінде шамамен 10,5 мың өтініш иесі жинақтың толық көлемін жеке басқарушының сенімгерлік басқаруына беруді сұраған. Бұл барлық өтініштердің 26,3 пайызына тең. Ал мұндай өтініштерде көрсетілген сома жалпы ИПБ-ге сұратылған 69,07 млрд теңгенің шамамен 40,8 пайызын алып тұр (28,2 млрд теңге).

Осылайша, алғашқы 15 күнде өтініш түсірген әрбір төртінші салымшы зейнетақы жинағын түгел ИПБ басқаруына беруге ниет білдірген.

БЖЗҚ бұл сомалардың әзірге нақты аударылған қаражат екенін еске салады. Қордың жауабында өтінішті қарау және қаражатты ИПБ-ға аудару мерзімі 30 күнтізбелік күн екені көрсетілген.

Бұған дейін БЖЗҚ жинағын түгел жеке басқарушыларға бергісі келетін қазақстандықтар нені білу керек екенін жазған едік.