БЖЗҚ VS ИПБ: Зейнетақы жинағын Ұлттық банктен сенімгерлік басқаруға әкету көрсеткіші 22 күнде 70% артты

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек айының алғашқы 22 күнінде аралығында инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға Ұлттық банктен 19,42 млрд теңге зейнетақы активі аударылған. Бұл сома тамыз айында жасалған аударым көлемінен 70,3 пайыз көп. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Kazinform сауалына берген жауабында осындай дерек бар.

Фото: Kazinform/ЖИ

Мұндай өсімге 7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ жинақтарын 100 пайызға дейін инвестициялық компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру мүмкнідігінің пайда болуы түрткі болып отыр.

БЖЗҚ мәліметінше, 1-22 қыркүйек аралығында Ұлттық банктен ИПБ-ларға жалпы сомасы 19,425 млрд теңге болатын 16 664 аударым жасалған. Бұл – 15 289 салымшының жинағы.

Салыстырып қарасақ, 1-31 тамыз аралығында ИПБ-ларға Ұлттық банктен 11,409 млрд теңге аударылған. Сол кезеңде 12 912 аударым жасалып, бірегей салымшылар саны 12 215 болған.

Осылайша, қыркүйектің 22 күніндегі аударым көлемі тамыздың толық айындағы көрсеткіштен 70,3 пайыз жоғары болып отыр. Аударымдар саны да артқан: тамыздағы 12 912 операция жасалса, қыркүйекйтің 22 күнінде 16 664 операция тіркелген (29,1 пайыз көп).

Бірегей салымшылар саны қыркүйектің 22 күнінде 15 289 адамға жетіп, тамыздағы 12 215 адамнан 25,2 пайыз жоғары болды.

Қыркүйектегі қаражаттың ең көп көлемі Halyk Finance-ке аударылған – 6,003 млрд теңге. Одан кейін «Сентрас Секьюритиз» – 6,172 млрд теңге, BCC Invest – 3,438 млрд теңге, Alatau City Invest – 3,376 млрд теңге және Tansar Capital – 435,9 млн теңге.

Бұған дейін БЖЗҚ жинағын түгел жеке басқарушыларға бергісі келетін қазақстандықтар нені білу керек екенін жазған едік.