C5+1 саммиті: Тоқаев пен Трамптың саяси және экономикалық прагматизмі

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтонда өткен C5+1 саммиті әлемдік дипломатиялық және экономикалық қауымдастықта резонанс тудырды. Әлемдік БАҚ өткен келіссөздердің нәтижесі мен болашағын талдап, Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының кездесуіне ерекше назар аударды. Шетелдік басылымдар не жазды және неліктен біздің елді Орталық Азияның инвестициялық «зәкірі» деп атайды. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы айтулы оқиғаны тарқатып көрді.

Орталық Азия басты назарда

Әлемдік ақпарат құралдары, талдау орталықтары, сарапшылар, желілік медиалар мен беделді саяси басылымдар саммит қорытындысын, сондай-ақ оның Орталық Азиядағы саясат, экономика және күштер тепе-теңдігі тұрғысынан маңызын кеңінен жариялады.

Әлемдік БАҚ назары әсіресе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасындағы келіссөзге ауды. Үлкен саясатта әрбір сәт маңызды, ал бұл кездесудің Орталық Азия мемлекеттері басшыларымен келіссөздер сериясында ретімен алғанда бірінші болуы ерекше мәнге ие.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшылары нақты экономикалық мәселелерді талқылады. Келіссөздердің нәтижесі бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәмілелер көлемі 17 миллиард АҚШ долларынан асты. Сонымен қатар, үлкен резонанс тудырған саяси шешімдер де бар.

Ақ үйде Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлескен болатын. Онің негізгі тақырыбы - Қазақстан Республикасының Ибраһим келісіміне қосылуы жайлы болды. Бұл жаңалықты айналып өткен әлемдік БАҚ жоқ деуге болады.

Aljazeera басылымы атап өткендей: «Израильмен ресми дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 33 жылдан астам уақыт өткен соң, Қазақстан Израиль мен бірнеше араб мемлекеті арасындағы қатынасты ресмилендірген Ибраһим келісіміне қосылатынын мәлімдеді».

Ибраһим келісімі Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде қабылданған болатын. 2020 жылы Бахрейн, Марокко және Біріккен Араб Әмірліктері Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтірді, ал 2021 жылы Судан Израильмен дипломатиялық қатынас орнатты.

Израильдің ағылшын тіліндегі The Times of Israel онлайн-газеті Қазақстанның бұл келісімге қосылуын символдық қадам ретінде бағалайды. Ал The New York Times басылымына берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әрдайым Израильмен де, Таяу Шығыс елдерімен де жақсы қарым-қатынаста болғанын атап өтті.

Фото: akorda.kz

- Бұл біздің саясатымыздың қисынды жалғасы, - деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейін Дональд Трамп бұл келісімдерді «күш клубы» деп атады.

- Негізінде біз Ибраһим келісімін едәуір кеңейттік, - деді Трамп Орталық Азия елдерінің көшбасшыларымен кездесуде.

Оның жанында болған Мемлекеттік хатшы Марко Рубио жаңа тәсілдің тек дипломатиялық қатынастар орнатумен шектелмей, бірқатар бағыт бойынша ерекше әрі бірегей экономикалық дамуға мүмкіндік беретін серіктестікті қалыптастыратынын атап өтті.

АҚШ-тың Орталық Азияға көзқарасы өзгерді

Әлемдік БАҚ-та жарияланған материалдарға зер салсақ, АҚШ-тың Орталық Азияға деген ұстанымын түбегейлі қайта құрғанын аңғаруға болады.

The New York Times басылымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Трамп әкімшілігі Байден әкімшілігіне қарағанда әлдеқайда саяси прагматизм танытып отыр» деген сөзін келтірді.

Президент Джо Байден де 2023 жылы Орталық Азия елдерінің бес көшбасшысымен кездескен, бірақ ол кездесу БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Нью-Йоркте өткен еді, ал бұл жолы Ақ үйде өтті.

Фото: The New York Times басылымынан скрин

Басылым Тоқаевтың «бұл мүлде басқа көзқарас сезіндік, мұнда қазір Орталық Азияның маңызын әлдеқайда жақсы түсініп отыр» деген пікірін де келтірді.

Қазақстан – өңірдің инвестициялық зәкірі

Әлемдік басылымдар Орталық Азияның инвестициялық әлеуетіне ерекше назар аударды. Халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатқа маманданған америкалық The National Interest журналы бірнеше материал жариялап, Қазақстанды өңірдің табиғи инвестициялық зәкірі деп атады.

Басылымның жазуынша, Қазақстан әлемдегі уран өндіру көлемі бойынша бірінші орында тұр және шамамен 2,6 миллион тонна сирек жер элементтерінің қоры бар. Жақында табылған ірі кен орны елді Қытай мен Бразилиядан кейінгі үшінші орынға шығаруы мүмкін.

The National Interest пікірінше, Қазақстан - Орталық Азияның қалқаны.

- Бұл қалқанды нығайту енді оны Батыстың экономикалық архитектурасына идеология арқылы емес, инвестиция, технология және берік стратегиялық серіктестік арқылы біріктіруді білдіреді, - деп жазады басылым.

Мақалада айтылғандай, Орталық Азия бүгінде Еуразияның соғып тұрған жүрегіне айналды. Бұл жаңа реализм жаһандық үрдістерді бейнелейді. Өңірде қалыптасып жатқан қатынастардың өзегі ортақ мүддеге негізделген прагматикалық серіктестік, яғни өзіндік «Ибраһим келісімі» іспеттес.

Кедергілерді жою қажеттігі

The Columbian газеті бұл тұрғыда саудадағы шектеулер мен ескірген «Джексон - Вэник» заңын еске салады. Басылымның жазуынша:

«Сәрсенбі күні екі партияның сенаторлар тобы Кеңес дәуіріндегі сауда шектеулерін жою туралы заң жобасын ұсынды. Кейбір заң шығарушылардың пікірінше, бұл шектеулер 1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған Орталық Азия елдеріне америкалық инвестицияның келуіне кедергі келтіріп отыр».

Материалда АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Гордың сөзі келтіріледі:

- Сіздердің Ақ үймен тікелей байланыстарыңыз бар, бұл аймаққа лайықты назар бөлінді, - деді ол.

«Еуразиялық брифинг» Телеграм-арнасы хабарлағандай, АҚШ Президентінің әкімшілігі Орталық Азия елдеріне қатысты геосаяси стратегиясын түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр. Бұл жолы экономикалық прагматизм қағидатына сүйеніп, назарды адам құқығы мен ішкі саясат сияқты дәстүрлі тақырыптардан экономикалық ынтымаққа аудармақ.

Марко Рубио 2026 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанға ресми сапармен баруды жоспарлап отырғанын айтты. Ол АҚШ дипломатиясына тән емес ашықтық танытып, соңғы он жылдықта Орталық Азияның ресми Вашингтон назарынан тыс қалғанын мойындап, мұны «жіберілген мүмкіндік» деп атады.

Қазір АҚШ әкімшілігі мен америкалық бизнес Орталық Азия нарығында қолжетімділікті кеңейтуді көздеп отыр және Рубио атап өткендей, Трамп әкімшілігі екіжақты және аймақтық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуге ниетті.

АҚШ-тың мүддесі – стратегиялық минералдар

«Еуразиялық брифинг» сондай-ақ АҚШ-тың өте маңызды минералдарға деген ерекше қызығушылығын атап өтеді. Осыған байланысты америкалық бизнестің өңірге шығуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр, осы орайда Сенатта «Джексон – Вэник» заңын жою қажеттігі туралы мәлімдемелер айтылды.

Ресми түрде бұл қадам «Қырғи-қабақ соғыс» кезеңінен қалған тарихи шектеуді жою ретінде ұсынылғанымен, іс жүзінде ол америкалық корпорациялар мен қаржы институттарына Орталық Азияның болашағы зор нарығына жол ашуға бағытталған.

The Hill саяси басылымы:

- Көріп тұрғанымыздай, енді АҚШ Президентінің өзі де Орталық Азия аймағына баратын уақыты келді. Егер Трамп келіссе, ол өзімен бірге Boeing және Wabtec келісімдерінің табысты жалғасын дамытуға мүдделі америкалық бизнесмендер мен инвесторларды ертіп келуі ықтимал, - деп жазады.

The Hill жарияланымдары көбінесе Конгресс пен саяси элитаның көзқарасымен астасып жатады. Сондықтан бүгінде АҚШ-тың Қазақстан мен тұтас Орталық Азияға қатысты жаңартылған стратегиясы бойынша белгілі бір саяси консенсус қалыптасқанын айтуға болады.

C5+1 саммитінде АҚШ Президентіне «Қазақстанға сапар жасау жоспарыңызда бар ма?» деген сұрақ қойылғанда, Дональд Трамп:

- Мұндай мүмкіндікті жоққа шығармаймын, - деп жауап берді.

Әңгіме соңында ол Қасым-Жомарт Тоқаев туралы ерекше жылы сөздер айтып, оны «аса көрнекті Президент» деп атады.

Фото: akorda.kz

Мүдделер теңгерімі

Әлемдік БАҚ-тың талдауы көрсеткендей, Орталық Азия бүгінде жетекші державалардың тоғысқан кеңістігіне айналып отыр, сондықтан өңір мемлекеттері үшін тепе-теңдікті сақтау аса маңызды.

Oilprice аналитикалық порталы сарапшылардың пікірін келтіре отырып, былай деп жазады: ынтымақтастыққа сындарлы бағыт беру үшін АҚШ-тың ресми тұлғалары Орталық Азия мемлекеттерінің өте маңызды минералдық ресурстар мен өзге де сауда мәселелері бойынша көпвекторлы ұстанымын мойындауы қажет.

Фото: Oilprice аналитикалық порталынан скрин

ОБСЕ академиясының Бішкектегі саясаттанушысы Эмильбек Джураев: «Трамп Орталық Азия елдерінің көшбасшыларын АҚШ-пен қатынасты тереңдету басқа есіктерді жабуды қажет етпейтініне сендіруі тиіс», - деп атап өтті.

RealClearMarkets қаржы және экономикалық талдау бойынша америкалық онлайн-порталы АҚШ-тың географиялық қашықтығына қарамастан, оны Орталық Азия елдерінің ірі серіктесі ретінде сипаттайды, ал Қазақстан өңірдегі сауда мен инвестицияның орталығына айналғанын атап өтеді.

- АҚШ-тың Қазақстан экономикасына салған жиынтық инвестициясы 100 миллиард доллардан асты, энергетикадан бастап өңдеу және азық-түлік өндірісіне дейінгі әртүрлі секторда 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді. Мысал ретінде Chevron компаниясының Теңіз кен орнындағы инвестицияларын, PepsiCo-ның жаңа снэк зауытын және Wabtec компаниясымен локомотив өндірісі туралы келісім бар. Бұл келісімдер ортақ экономикалық мүддеге негізделген ұзақмерзімді коммерциялық қатынасты көрсетеді, - делінген талдамалық материалда.

Фото: Wabtec

Маңызды бағыттардың бірі - қаржылық ынтымақтастық. Америкалық компаниялар Қазақстанның қаржы секторына, соның ішінде ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін және тәуелсіз дауларды шешу қызметін ұсынатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIFC) арқылы қатысуда. AIFC компанияларға өңірлік капитал нарығына қол жеткізуге мүмкіндік беріп, ірі инфрақұрылымдық және өте маңызды минералды ресурстарды өндіру жобаларын қаржыландыруға ықпал етеді.

- Вашингтон үшін география кедергі емес. Қашықтыққа қарамастан, америкалық компаниялар Қазақстан экономикасына интеграцияланған, ал инвестицияны анағұрлым болжамды әрі аз тәуекелді ететін тетіктер бар, - деп жазылған сараптамада.

Ынтымақтастықтың екә тарапқа да пайдалы болмақ. Қазақстан үшін бұл өңдеу қуатын дамытуға мүмкіндік беретін қаржы, технология және сараптамалық білімге қол жеткізу болса, АҚШ үшін ресурстарға тәуелділікті азайтып, жеткізу тізбегін әртараптандыруды білдіреді.

The Times of Central Asia басылымы да Қазақстанның рөлін ерекше атап өтеді:

«2024 жылы АҚШ-қа Орталық Азия елдері жасаған экспорт көлемінің 96,7%-ы Қазақстанға тиесілі болды, бұл шамамен 2,4 млрд АҚШ долларын құрайды. Ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш небәрі 44,4 млн доллар. Сол сияқты, АҚШ-тан келетін тауарлардың 62,3%-ы (1,1 млрд доллар) Қазақстанға бағытталды. Кейінгі орындарда Өзбекстан (380,8 млн доллар), Түрікменстан (82,2 млн доллар) және Тәжікстан (56,8 млн доллар) тұр».

Фото: The Times of Central Asia басылымынан алынған скрин

Басылым атап өткендей, соңғы жылдары АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда көлемі едәуір өскен. 2019–2024 жылдар аралығында АҚШ-тың Қазақстанмен жалпы сауда айналымындағы үлесі 2,3%-дан шамамен 3%-ға дейін артты. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 4,2 млрд АҚШ долларына жетті, бұл соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Вашингтонда орналасқан New Lines Institute аналитикалық орталығы Орталық Азия мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты «шикізат орнына технология» қағидаты бойынша қарастырады. Америкалық компанияларға өте маңызды минералды ресурстарды өндіру және өңдеу құқығы беріліп, соның есебінен жасанды интеллект чиптері сияқты жаңа технологияларға қол жеткізу мүмкін болады.

Фото: АЗЕРТАДЖ

Алайда, басылым атап өткендей, теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Орталық Азиядан Батысқа экспорттау логистикалық тұрғыдан күрделі. Осыған байланысты материалда Каспий мен Кавказ арқылы Қара және Жерорта теңіздеріне шығатын «Орта дәлізін» дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі айтылған.

- АҚШ бұл жобаны өңірлік деңгейде ілгерілету үшін уақыт пен күш жұмсады. Инфрақұрылымға инвестицияны арттыру жалпы өңірлік сауда желілерін нығайтып, тау-кен өндірісінен тыс салалардағы экономикалық дамуға серпін береді, - делінген сараптамалық материалда.

«Незыгарь» аналитикалық Telegram-арнасы АҚШ-тың сыртқы саясатын Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың мүддесі тұрғысынан бағалайды. Онда Дональд Трамппен өткен C5+1 форматындағы кездесу АҚШ-тың өңірмен қайта қарым-қатынас жасау архитектурасын бекітуді көздейтіні атап өтіледі. Бұған дейін Вашингтонға Оңтүстік Кавказ мемлекеттерінің басшылары барған болатын. Жақын қарым-қатынастың символы ретінде Трампқа Каспийді Түркия мен Жерорта теңізімен байланыстыратын Зангезур дәлізінің кілті табысталды.

АҚШ стратегиясының мәні қарапайым: өз ықпалын күшейту үшін өңір елдерінің саяси және экономикалық элиталарын Батыстың капитал тізбектеріне қосу.

Орталық Азия елдері үшін бұл түрлі күш орталықтарының арасында маневр жасауға мүмкіндік береді.

- Далалық дәліз елдері үшін басты сын-қатер тек шикізаттық шылау күйінде қалмау. Кім терең өңдеуді дамытып, жаһандық қосылған құн тізбектеріне кіре алса, сол ел технология мен инвестицияға ие болады, - делінген материалда.

Жалпы алғанда, C5+1 саммитінің қорытындысы Орталық Азияның жаңа құзыреттер мен технологияларды алуына, ал АҚШ-тың Еуразияның кіндігіне қол жеткізуіне жол ашылғанын көрсетеді.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде стратегиялық мүддесін нақты тұжырымдады:

Фото: Truth Social

- Мен үшін Ақ үйде бес елдің президентінің қатысуымен саммит өткізу – зор құрмет. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров және Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедов бар. Соңғы 30 жылдай уақытта менің алдымдағы басшылар Орталық Азия елдеріне лайықты назар аударған жоқ,- деді Дональд Трамп.

АҚШ Президенті Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың қиылысқан тұсында орналасқан, табиғи ресурстар мен адами әлеуетке бай стратегиялық өңірдің маңызын ерекше атап өтті.

Ақ үй басшысы келіссөздердің сәтті өткенін, миллиардтаған долларлық коммерциялық келісімдердің маңызды екенін атап, саммитті қатысушылар арасындағы жаңа әрі берекелі қатынастардың бастауы деп атады.

Бұған дейін Трамп АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен тамаша қарым-қатынасы басталғанын мәлімдеген еді.