Елорда әуежайын дамытуға 1,1 млрд доллар инвестиция тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық әуежайы аумағында көпфунционалды кешен салынады. Ол үшін 1,1 млрд доллар инвестиция тартылады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлайды.
Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited компаниясы (Terminals holding құрамына кіреді, БАӘ) арасында әуежайды және оған іргелес аумақты кешенді дамытуға бағытталған инвестициялық келісім жасалды. Инвестицияның жалпы құны 1,1 млрд долларды құрайды.
Келісім аясында инвестор екінші ұшу-қону жолағын, үшінші жолаушылар терминалын, сондай-ақ жүктерге арналған cargo терминал салады. Сондай-ақ, инвестор индустриялық — логистикалық аймағы мен қонақүйлері, сауда алаңдары, логистикалық терминалдары бар бизнес-кластерді қамтитын көпфункционалды аэротрополис кешенін дамытуды жоспарлап отыр.
Одан бөлек, арнайы техника паркін жаңарту, цифрлық шешімдер мен автоматтандыру жүйелерін енгізу, әуежай қызметкерлерін кезең-кезеңімен оқытып, біліктілікті арттыру жұмыстары жоспарда бар. Қызметкерлер халықаралық авиациялық талаптарға сәйкес арнайы тренингтерден өтеді.
Сонымен қатар Көлік министрлігі мен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар техникалық біліммен, дағдылармен және озық тәжірибе алмасуға ниетті. Жақын арада Қазақстан мен БАӘ арасындағы автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау мәселелерін регламенттеуге мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылады деп күтіледі.
Айта кетсек, бүгінде Қазақстан халықаралық автотасымалдау аясында 42 үкіметаралық келісім жасасты.
Еске салайық, биыл Астана мен Алматы әуежайы Орталық Азия мен ТМД бойынша үздік атанды.
— Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы Skytrax World Airport Awards 2025 сыйлығының «Орталық Азия мен ТМД елдері әуежайлары арасындағы ең үздік персонал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, — деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.