Киностудияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, елорданың мерейтойына арналып түсірілетін төрт сериалды көркем туынды Ресейдің «Первый канал» телеарнасынан көрсетілетін болады. Сериалдың режиссерлері - Иван Глубоков (Ресей) және Олжас Ермекбаев (Қазақстан). Аталған фильм мистика және фантастика элементтері бар мелодрама жанрында түсіріледі.
«Сериалдың негізгі оқиғасы 60-шы жылдардағы Целиноград қаласында және арман қала ретінде көрсетілетін қазіргі Астана қаласында өрбиді. Елордамыз фильмнің басты декорациясы ретінде пайдаланылып қана қоймай, сонымен қатар, астаналықтармен бірге картинаның басты кейіпкері болмақ. Фильмнің эпизодтық рөлдеріне кастинг жарияладық, сондықтан да сериалға түскісі келген азаматтарға құлаққағыс етеміз», - деді сериалдың режиссері Олжас Ермекбаев.
Режиссердің айтуына қарағанда, кастингке жасы 5 пен 70 жас аралығында барлық қазақстандықтар қатыса алады (ер адамдар, әйелдер және балалар).
«Махаббат. Үміт. Астана» сериалының тұсаукесері 2018 жылдың 6 шілдесіне - Астана қаласы күніне жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр 19 желтоқсанда Мәскеуде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «Первый канал» АҚ бас директоры Константин Эрнсттің кездесуі барысында, екі ел арасындағы кино индустриясын және телевизия саласын дамыту бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалып, бірлескен киножоба түсіру туралы келісімге келген болатын.