Цемент зауыттарының әрекетінде бағаны келісе отырып көтеру фактісі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы цемент зауыттары өнімдерінің бағасын келісе отырып көтерген. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің өткен жылдағы қорытындысы мен биылғы мақсаттарына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде осы ведомствоның басшысы Ғалым Оразбақов мәлім етті.

«Шымкент Цемент» АҚ пен «Стандарт цемент» ЖШС-ның, «Central Asia Cement» АҚ-ның, «Бұқтырма цемент компаниясы» АҚ мен «Семей цемент зауыты» ЖШС-ның әрекеттерінде цемент бағасын келісе отырып көтеру бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдар ретінде танылды», - деді Ғ. Оразбақов. Осы орайда ол айыппұлдың жалпы сомасы 372 млн. теңгені құрағанын атап өтті. Бүгінде 2 нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бюджетке 1,6 млн. теңге көлемінде айыппұл төледі.