Төлем мөлшері әртүрлі
Семей ядролық сынақ полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық қару сынақтары адамдардың денсаулығына және табиғатқа орны толмас залал келтірді. Бүкіл Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы ретінде танылған.
- Ядролық сынақтар зардабының қатерлі әсері уақыт озған сайын күшейе түсіп, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, барған сайын қатерлі әсер етіп отыр. Бұл зардапты жою халықты емдеу, сауықтыру, оңалту, әлеуметтік қорғау және аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруды талап етеді. «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңның 12 бабына сәйкес, зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан біржолғы ақшалай өтемақы беріледі. Сондай-ақ оларға арнайы куәлік беріліп, ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар қарастырылған, - деп жауап берді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сарқыт Шабданова Kazinform тілшісінің сауалхатына.
Біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы 1949-1990 жылдар аралығында радиациялық қатер аймақтарында тұрған азаматтарға төленеді. Төлем мөлшері адамның қай аймақта және қанша уақыт тұрғанына байланысты есептеледі.
Атап айтқанда, Заңның 5, 6, 7, 8 және 9-баптарында көрсетілген аймақтарда тұрған және тұрып жатқан азаматтарға ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін:
1) төтенше радиациялық қауіпті аймақ бойынша – 1949-1965 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 5,23 АЕК және 1966-1990 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 1,05 АЕК мөлшерінде;
2) ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ бойынша – 1949-1965 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 2,62 АЕК және 1966-1990 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 1,05 АЕК мөлшерінде;
3) жоғары радиациялық қауіпті аймақ бойынша – 1949-1965 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 1,57 АЕК және 1966-1990 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 0,79 АЕК мөлшерінде;
4) ең төмен радиациялық қауіпті аймақ бойынша – 1949-1965 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 1,05 АЕК және 1966-1990 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 0,52 АЕК мөлшерінде;
5) жеңілдікті әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақтағы аймақ бойынша – 1949-1990 жылдар аралығында тұрған әрбір жыл үшін 0,26 АЕК мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақыға кепілдік беріледі.
Құжат рәсімдеудегі қиындықтар
Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, сынақ полигонының зардабын шеккен аумақтарда тұрған азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы, қосымша еңбекақы, қосымша ақылы демалыс, медициналық көмек, әлеуметтік төлемдер және зейнетақы саласындағы жеңілдіктер бар.
- Заңға сәйкес, бұл санаттағы азаматтарға әлеуметтік кепілдіктерді алу құқығын растайтын куәлік беріледі. Куәлікті алуға 1949-1990 жылдар аралығында радиациялық әсерге ұшыраған аумақтарда тұрған азаматтар құқылы. Өтемақы алу үшін азаматтың белгілі бір кезеңде радиациялық қауіпті аумақта тұрғанын немесе жұмыс істегенін дәлелдейтін құжаттар талап етіледі. Құжаттарды рәсімдеу кезінде тұрғындар көбіне архивтік құжаттардың болмауы, белгілі бір кезеңде полигон аймағында тұрғанын дәлелдеу қиындығы, мекенжай анықтамалары мен еңбек құжаттарының жетіспеуі сияқты мәселелерге тап болады, - делінген ақпаратта.
Қазіргі таңда куәлік алуға немесе өтемақы алу мақсатында өтініш жазу тәртібі біршама жеңілдетілген. Азаматтар қызметті электронды үкімет порталы арқылы онлайн рәсімдей алады. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсету орталықтары және тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту бөлімдеріне өтініш беру мүмкіндіктері бар.
- Радиациялық қауіпті аймақта тұрған азаматтарға жекелеген салықтық жеңілдіктер қарастырылғанымен, олардың нақты көлемі Салық кодексі мен жергілікті нормативтік актілерге сәйкес анықталады. Иондық сәулелену әсерінен денсаулығына зиян келген мүгедектігі бар азаматтар мүлік немесе жер салығы бойынша жеңілдіктерді пайдалана алады. Қазіргі қолданыстағы Заңнамаға сәйкес Семей ядролық полигонының зардабын шеккен аумақтарда тұратын азаматтардың балаларына білім беру саласында арнайы жеңілдіктер мен қосымша қолдау шаралары қарастырылмаған. Десе де оларға жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер немесе әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар аясында қолдау көрсетіледі, - делінген хабарламада.
Медициналық көмек
Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен жандарға медициналық тұрғыда қандай көмек барын білу үшін Абай облысының денсаулық сақтау басқармасына хабарластық.
- Бұл санаттағы азаматтарға Семей медицина университеті Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты базасында медициналық тексеру жүргізіледі. Оларға медициналық көмек көрсету және кешенді медициналық тексеру тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады. Ал кезектен тыс мамандандырылған медициналық қызмет елдегі барлық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында полигон куәлігі және медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымынан жолдама болған жағдайда көрсетіледі, - дейді басқарма басшысы Талғат Молдабеков.
Сынақтардан зардап шеккен аудандардың халқына тегін дәрілер мен арнайы медициналық тексерулер МӘМС және ТМККК шеңберінде көзделген.
- Облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022 жылдан бастап «KARAGAILY» шипажайында жекелеген санаттағы азаматтар санаторий-курорттық емдеумен қамтылып келеді. Осы кезең ішінде Чернобыль апатынан және өзге де ядролық сынақтардан зардап шеккен 170 азамат емге жіберілді. Ядролық сәулеленудің салдарынан мүгедектік алғандар жылына бір рет 14 күндік шипажайлық ем алу құқығына ие. Семей ядролық полигонынан зардап шеккен мүгедектігі бар азаматтарға 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде төлем жүргізілді, - дейді Абай облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Марат Алёнов.
Зейнетақыға үстемеақы бар
Заңның 5 және 6-баптарында көрсетілген аумақтарда тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтардың зейнетақыға аймақтар бойынша мынадай мөлшерде үстемеақы алуға құқығы бар:
- төтенше радиациялық қауіпті аймақ бойынша – 2,09 АЕК.
- ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ бойынша – 1,83 АЕК.
- Төтенше радиациялық қауіпті аймаққа Абай облысы Абай ауданы Сарыжал ауылдық округі, Бесқарағай ауданы Долон ауылдық округі, таратылған Жаңасемей ауданының Сарыапан және Иса елдi мекендерiнiң аумақтары жатады. Ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа Абай облысының Абай, Бесқарағай және таратылған Жаңасемей аудандарының, Семей қаласы Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Айнабұлақ, Қараөлең және Таңат ауылдық округтерінің, Павлодар облысы Май ауданы Ақжар ауылдық округінің елдi мекендерi жатады. Бұл аймақтар экологиялық апат аймағы мәртебесіне ие, - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Сарқыт Шабданова.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. Ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар соттың шешімі негізінде белгіленеді. Осыған орай, Кодекстің 207-бабы 2-тармағына сәйкес - Төтенше және ең жоғары радиациялық қатері бар аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде 5 жыл тұрған азаматтар:
1) ерлер – 50 жасқа толғанда;
2) әйелдер – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін жеңілдікпен есептеу кезінде Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілде аралығы кезеңіндегі жұмыс және әскери қызмет үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шілдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс және әскери қызмет бір жарым есе мөлшерде есептелінеді.
Тұрғын үй беріле ме?
Тұрғын үй алу және коммуналдық төлемдер бойынша қандай да бір жеңілдіктер бар-жоғын бізге Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Қорабаев айтып берді.
- Семей ядролық полигонының зардабын шеккен аумақтарда тұратын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылмаған. Алайда тұрғын үй кезегіне сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен немесе жергілікті атқарушы органның жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспанамен қамтамасыз етілген жағдайда «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-бабы 8-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, тұрғын үйді жекешелендіру кезінде тегін меншікке алуға құқылы. Ал коммуналдық төлемдерге келетін болсақ Семей ядролық полигонының зардабын шеккен аумақтарда тұратын азаматтарға арнайы жеңілдік жоқ, - дейді ол.
Cемейде туып, бірақ көшіп кетсе...
Семей ядролық полигонының зардабын шеккен аумақтарда туып, бірақ көшіп кеткен адамдарға қандай жеңілдіктер қарастырылғанын да сұрап көрдік. Белгілі болғандай, оларға сол аумақта тұрған жылдарына байланысты өтемақы, қосымша еңбекақы, қосымша ақылы демалыс та беріледі.
- Семейден көшіп кетсе де Заңға сәйкес әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда 9 мамыр - Жеңіс күніне орай 30 АЕК көлемінде жүргізілген төлем Абай облысында берілді. Осы сияқты мерекелік төлемдердің берілуі сол азамат тұрып жатқан өңірге байланысты, - деп жауап берді Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан.
Еске салсақ, осыған дейін Семей қаласында жаңа қоқыс полигонының салынбай келе жатқаны жайлы сараптамалық мақала жазғанбыз.