Шабуылды «Боко Харам» жиһадтық тобының содырлары жасады деген болжам бар, олар бұған дейін үкімет нысандарына шабуыл жасаған. Биліктің хабарлауынша, шабуылға барлығы 24 адам қатысқан.
— Шабуыл жасаушылардың 18-і қаза тауып, алтауы жарақат алды. Бізде бір адам қаза тауып, үшеуі жараланған, біреуінің жағдайы ауыр, — деді үкімет өкілі және сыртқы істер министрі Абдераман Куламалла AFP-ге.
Агенттік тілшілерінің хабарлауынша, президент резиденциясына апаратын жолдар жабылып, көшелерде танктер жүре бастаған.
Шабуыл кезінде Чад президенті Махамат Деби сарайда болған.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, қазір жағдай бақылауға алынды.
Бұған дейін Нигерияда қайырымдылық шарасы кезінде жаппай қыспақта қалған жұрт бірін-бірі таптап, 22 адам көз жұмғанын жазған болатынбыз.