ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, Олимпиада чемпионы Баландин дистанцияны 2:10.73 уақытында еңсерді. Бұл көрсеткішпен ол үздік үштікті түйіндеді. Жарыс жеңімпазы ресейлік Антон Чупков болды. Оның нәтижесі - 2:08.23. РФ спортшысы аталмыш әлемдік турнирдің бірінші кезеңінде де үздік нәтиже көрсеткен болатын.
Дистанцияны екінші болып жапондық Иппэй Ватанабэ аяқтады. Уақыты - 2:08.61. Айта кетейік, И.Ватанабэ осы қашықтықта әлемдік рекорд орнатқан болатын, көрсеткіш - 2:06.67.
Еске салайық, Champions Swim Series-тің бірінші кезеңінде Д.Баландин төртінші орыннан көрінді. Бұл нәтиже оған 2020 жылғы Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндік берді.
Серияның соңғы жарыстары АҚШ-тың Индианаполисінде 31 мамыр-1 маусым аралығында өтеді.