«Чанхту» тайфуны оңтүстікқытайлық Гуандун провинциясында екі адамның өмірін қиды

БЕЙЖІҢ. Шілденің 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Гуандун провинциясында (Оңтүстік Қытай) «Чанхту» тайфунының соққысынан екі адам қазаға ұшырады, апат аймағында 1,5 миллионға жуық тұрғындар болды, деп хабарлады Гуандун провинциясының су тасқынымен және қуаңшылықпен күрес штабы.

Аталған штабтың алдын ала есептеріне қарағанда, 20 уез бен қаланың 1,5 млн. тұрғыны апат аймағында қалды, одан 70 мың адам көшірілді, 3 мың құрылыс нысандары бүлінді, зардап шеккен аумақтағы экономикалық шығын 326 млн. АҚШ долларына бағалануда.

Аймақта паром мен теңіз тасымалы тоқтатылды. Бірқатар әуежайлардың жұмысы бұзылды, оның ішінде туристерге кеңінен танымал Хайнань аралының әуежайы да бар. Дауыл ҚХР-дың Гуанси-Чжуан автономиялық ауданына қарай бағыт алды.

ҚХР азаматтық әкімшілік министрлігі және табиғат апатымен күрес басқармасы бұдан бұрын Гуандунь, Хайнань, Гуйчжоу, Хунань провинцияларында және Гуанси-Чжуан автономиялық ауданында дауыл тұратынын хабарлаған болатын.

Жергілікті өкімет орындарына табиғат апаты аудандарында сақтық шараларын алу жүктелді, су тасқыны болуы мүмкін.