ChatGPT-ден алынған ақпаратқа толық сенбеу керек — маман ескертеді

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект ешқашан адамның орнын алмастыра алмайды. Сол үшін оның берген жауабына толық сенудің қажеті жоқ.

Бұл туралы ЖИ және инновацияларды дамыту комитетінің сарапшысы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

– Көп адам ChatGPT-ден алған жауапты дайын шешім ретінде қолданады. Бұл мүлде дұрыс емес. Ең бірінші, бұл адамның ойлау қабілетін төмендетеді. Тіпті кейде алынған мәліметтің мерзімі өтіп кеткен болуы да мүмкін. Сол үшін алынған ақпаратты ресми дереккөздерден тексеру керек. Адамда эмоциялық ойлау, сараптау қабілеті бар. Ал ЖИ оны адам секілді орындай алмайды, – дейді Бақберген Шәріпбек.

Маманның айтуынша ChatGPT-ге деректерді бөлісу аса қауіпті.

– ЖИ-ды қолдану барысында қауіпсіздікті сақтау үшін пайдаланушы міндетті түрде өзінің қаржылық сынып, құпия, жеке деректерін енгізуге болмайды. Себебі ChatGPT машиналық оқыту үрдісі арқылы жүреді. Оған жүктелген барлық деректер платформа базасында сақталады. Оны үшінші тұлғаға берілмейді дейді. Бірақ хакерлер мен алаяқтар өз мүддесіне қолдануы мүмкін. Бұл әрекеттер дербес деректердің сақталуына қауіп тудырады, – дейді маман.

Айта кетейік, АҚШ- та ChatGPT-ге қылмыс туралы хабарлаған студент сотталды.