ChatGPT-ден жеке дерегіңіз тарап кетуі мүмкін — Цифрмин

Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев ChatGPT-дің көмегіне жүгінген кезде деректерді ұрлатып алмау үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігін айтты.

— Мысалы сіз WhatsApp қолданасыз ғой. WhatsApp-та да сұрақ қоясыз, деректер алмасасыз. ChatGPT де тура сондай — серверлері шетелде орналасқан. Деректердің басқа жерге кетіп қалу мүмкіндігі бар, — деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Дегенмен, ол ChatGPT-де деректердің қауіпсіздігіне арналған арнайы функция бар еске салды.

— Егер «Баптау» бөліміне кіріп қарасаңыз, «Менің деректерімді қолданба» деген батырма бар. Соны бассаңыз деректеріңізді өз модельдерінде қолданбайды. Осы функцияны пайдаланып, тексеріп көрсеңіз болады, — деді Әлібек Сайланбаев.

Өткен аптада ChatGPT енді интернет-дүкеннен тауар сатып алып, PowerPoint презентацияларын жасайтын функциясын іске қосқаны мәлім болды.