OpenAI компаниясы бұдан былай маркетологтарда «адамдарды қандай да бір затты белсенді іздеу, салыстыру және шешім қабылдау кезінде өзіне қаратып алудың жаңа тәсілі» бар екенін айтты. Олар жарнама нейрондық желі жауабынан бөлек болатынын және жарнама берушінің чат тарихына қол жеткізе алмайтынына уәде берді. Себебі «кейбір пайдаланушылар ChatGPT-ге жеке ақпараттарын сеніп айтады». Сарапшылар пікірінше бұл үлкен қауіп тудыруы мүмкін.
— Көпшілігі ChatGPT-ді тікелей әрі бейтарап жауап беретіндіктен қолданады және олар іздеу жүйесіндегідей алдыларынан жарнама шыға бергенін қаламайды. Тым көп жарнама пайдаланушылардың сенімін бұзуы мүмкін, — деді Вюрцбург университетінің профессоры Алисия фон Шенк Tagesschau бағдарламасына.
Кейбір сарапшылар модельдердің өз ұсыныстарында бейтарап болып қалатынына күмән келтіреді, себебі олар жарнама берушілерден ақша алатын жасаушысының коммерциялық мүддесі үшін әрекет етуі мүмкін.
OpenAI бастапқыда АҚШ-та, Канадада және Жапонияда жарнаманы сынақтан өткізді, енді 31 еуропалық елге таратпақшы. Microsoft қазірдің өзінде Copilot-та жарнамаларды орналастырып жатыр, ал Google оларды жасанды интеллектпен жұмыс істейтін іздеу жүйесіне біріктіріп жатыр, деп атап өтті сарапшылар. Алайда, Anthropic бұған дейін Claude-та жарнама болмайтынын ашық айтқан болатын.
Бұған дейін OpenAI жасөспірімдерге арналған ChatGPT-дің арнайы нұсқасын іске қосты.