Чех тауларынан құны 340 мың доллар тұратын алтын қазына табылды

Фото: Фото: azertag.az

АСТАНА.KAZINFORM — Чехияның Градец-Кралове қаласындағы Шығыс Богемия музейі ХХ ғасырдың алтын қазынасы табылғанын жариялады. Оның құны 340 мың АҚШ долларынан асады, деп хабарлайды AZƏRTAC.

Ақпанда туристер тобы елдің солтүстік-шығысындағы Крконоше тауының етегін зерттеу кезінде алюминийден жасалған жәшік тауып алады. Оның ішінен 11 бөлек үйіндіге мұқият бөлінген, жұқа қара матаға оралған 600 алтын тиын шыққан. Жанынан екінші жәшік табылып, оның ішінен 16 портсигар, 10 білезік, тарақ, шынжыр мен қаптамалар табылған. Барлығы сары металдан жасалған, нақты құрамын зерттеу алда.

Салмағы 7 келіден асатын қазына тез арада Шығыс Богемия музейіне берілген. Археологтар сол кезден бері оны зерттеп жатыр. Тиындар Франция, Бельгия, Ресей, Италия, Румыния, Австро-Венгрия мен Осман империясынан шыққан. Қызығы, неміс және чехословакиялық тиындар жоқ.

Көпшілігі француз тиындары, ал жалпы қазына 1808–1915 жылдар аралығына жатады. Ерекше жайт — Австро-Венгрия тиындары Югославияда 1921 жылы қайта шығарылғаны көрсетілген.

— Қазына жер астында жүз жылдан астам уақыт жатқан. 1921 жылы бұл тиындар Чехия жерінде болмағаны да анық. Олар сол кезде Балқанда болған болуы мүмкін, — деді музейдің тиындар жөніндегі маманы Войтех Брадл.

Мамандар қазынаның жасырылу себептері әртүрлі болуы мүмкін екенін айтады: бұл 1938 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында, немесе соғыс кезіндегі еврейлер мен чехтардың депортациясы кезінде, не 1945 жылдан кейін немістерді елден шығару барысында жасырылған болуы ықтимал. Тағы бір болжам — 1953 жылғы Кеңес Одағы енгізген ақша реформасына байланысты.

— Құнды заттарды жерге көму көне дәуірден бері жалғасып келе жатқан тәжірибе. Бұл жерде тиындардың құны емес, олардың алтын болғаны маңызды, — дейді музейдің археология бөлімінің басшысы Мирослав Новак.

Қазына әлі де зерттеліп жатыр, ал музей болашақта оны көпшілікке көрсету үшін экспозиция ұйымдастырмақ.