Чехия аспанында қазақ әндері әуеледі

Фото: Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі

ПРАГА. KAZINFORM - Чех Республикасы Оңтүстік Моравия өлкесінің орталығы – Брно қаласында Қазақ мәдениеті күні аясында Оралдың «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Іс-шараны Брно-Стржед муниципалитетінің қолдауымен, «Qazaq Nomad» қазақ диаспорасы ұйымынің көмегімен Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Брноның тарихи орталығы – Азаттық алаңында қойылған концертті тамашлауға қалалық әкімшілік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары, жергілікті қазақ диаспорасы жиналды.

Фото: Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі

«Арнау» ансамблінің өнерпаздары көрермендердің назарына Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Н.Тілендиев сияқты ұлы қазақ композиторларының күйлерін орындап, жыр-термеден шашу шашып, қазақ халық билерін ұсынды.

Фото: Қазақстан Республикасының Чехиядағы Елшілігі

Концерттік бағдарламаның соңында сөз сөйлеген Брно-Стржед муниципалитетінің хатшысы Петр Штика ансамбль ұжымына тамаша қойылымдары үшін алғысын білдіріп, мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге және өзара мәдени баюға ықпал ететінін атап өтті.

«Арнау» ансамблінің Брно қаласында өткен көнцерті чех өңірі үшін жарқын мәдени іс-шара болды. Әртістердің өнерлері мен олардың шеберлігі чех жұртшылығының шынайы таңданысын тудырып, ыстық ықыласпен және үлкен қошеметпен қабылданды.

Фото: Kazinform