Чехия кәсіпкерлері Қазақстанды нанотехнология саласында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек және Чехия Республикасының Сыртқы істер министрі Любомир Заоралек қатысқан қазақстандық- чехиялық бизнес форум өтті.

Қала әкімдігі сайтының хабарлауынша, шара барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды, екі ел кәсіпкерлерінің өзара байланысын нығайтуды талқылады.
 

Алматы әкімі қаланың чехиялықтармен сауда- экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты күшейтуге ынталы екендігін жеткізді. «Алматы еліміздің экономикасының бестен бір бөлігін қалыптастырады. Бұл - шикізатсыз экономиканың бизнесі мен жеке капиталының қаласы. Сервис пен сауда ЖӨӨ-дің 86% -ын құрайды, мұнда халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың 60-тан аса кепңсесі орналасқан. Банктердің 90% -да осында. Бүкіләлемдік «Doing Business» банкінің ретйнгісінде Алматының көрсеткіші бойынша Қазақстан 35 орынды иеленді», - деді әкім.
 

Л.Заоралек арнайы делегацияның Қазақстанға ат басын бұруының өзі чехтық кәсіпкерлердің осында бизнес жасауға ынталы екендігін көрсетеді деді. «Біздің еліміз нанотехнологияда жетекші орында және бағдарламалар жасау саласы дамыған. Ғылыми- зерттеу саласында ынтымақтастықты арттыру маңызды», - деді Чехия министрі.

Шара барысында екі ел кәсіпкерлері форумның негізгі бөлігінен соң өткен В2В бойынша кездесуде жақын танысты.