Кездесу барысында тараптар Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиштің Қазақстанға жуырдағы ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін талқылады.
Тараптар көлік пен логистика екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Қазақстан мен Чехия теңізге тікелей шығатын жолы жоқ мемлекеттер болғандықтан, көлік байланысын дамыту орнықты экономикалық өсудің маңызды тетігі екені айтылды.
Сондай-ақ халықаралық көлік-логистикалық дәліздердің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы артып келе жатқанына назар аударылды.
Тараптар халықаралық көлік бағыттарының қауіпсіздігін сақтау және сала қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету халықаралық қоғамдастықтың ортақ міндеті деген пікірге келді.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни Орта дәлізді дамыту болды.
Тараптар бұл бағыттың Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық көлік дәлізіне айналып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Орта дәліздің маңызы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытындыларында да көрініс тапқаны айтылды.
Кездесуде көлік инфрақұрылымын дамыту, логистикалық үдерістерді цифрландыру, теміржол желісін жаңғырту және Каспий теңізі порттарының өткізу қабілетін арттыру мәселелері талқыланды.
Тараптардың пікірінше, бұл шаралар халықаралық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, чех және еуропалық компаниялардың инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуына жол ашады.
Қайрат Әбдірахманов чех тарапын Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына дайындық барысымен таныстырды.
Кездесу барысында кедендік, көлік-логистикалық және коммерциялық сервистерді бір жүйеге біріктіретін Smart Cargo цифрлық платформасын іске асыру мәселесі де қаралды.
Тараптар мультимодальды жүк тасымалын дамыту, заманауи логистикалық орталықтар құру, көлік техникасын жергіліктендіру және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жайын да талқылады.
Иван Беднарик Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Ол Транскаспий халықаралық көлік бағытының Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік қатынасын нығайтудағы рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
Министр чех компанияларының инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларға қатысу әлеуетіне жоғары баға берді.
Сондай-ақ ол биылғы қазан айында кәсіпкерлер мен ғылыми қауымдастық өкілдерінен құралған делегацияны бастап Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Кездесуде көлік саласына маман даярлау және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелері де сөз болды.
Тараптар екі елдің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасындағы байланысты кеңейтуге, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және интеллектуалды көлік жүйелері, цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы озық технологиялармен алмасуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Қазақстан тарапының бастамасымен халықаралық ұйымдар аясындағы екі елдің өзара іс-қимылы да талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар көлік және логистика саласындағы қазақ-чех серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Олар өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру жұмысын жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Осыған дейін Чехия бизнесі Қазақстанға неге қызығып отырғаны туралы жаздық.