Чехияда 32 адам А гепатитінен көз жұмды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Чехияда А гепатитін жұқтырған 32 адам көз жұмды. Сондай-ақ 3 мыңнан астам вирусты жұқтыру жағдайы тіркелді, деп хабарлайды BILD.

Дегенмен, індет әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ.

Билік өкілдерінің айтуынша, вирус көктемде қаңғыбастар мен нашақорлар арасында тарай бастағанымен, ақырында барлық әлеуметтік топтарға жайылды. Қазір инфекция рождестволық базарларға жетті. Германия шекарасына жақын Божи Дар қаласында билік үш апта бұрын жеке гигиеналық ескерту жасады.

Прага жәрмеңкелерінде сатушылар қолғап киіп, дүңгіршектерін үнемі дезинфекциялайды. Алайда келушілердің көпшілігі дезинфекциялау құралдарын елемейтіндіктен, сырқат азаймай тұр.

Чехия медициналық палатасының президенті Милан Коубек қазіргі кездегі А гепатиті 1979 жылдан бергі ең ірі індет екенін айтты.

Осыған дейін АҚШ-та гепатит, герпес, COVID-19 жұқтырған зертханалық маймыл қашып кеткені туралы жаздық