Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, 23 мамырда қазақстандық және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары Чехия Республикасының Часлав қаласында ресейлік АН-30 әскери ұшағының апаттық жағдайда қону салдарынан жарақат алған азаматтардың арасында Қазақстан азаматы болды деген ақпарат таратқан болатын.
«Осыған орай, бізге түскен ресми ақпаратқа сәйкес, жарақат алған азаматтар қатарында еліміздің азаматтары жоқ екендігіне назар аударамыз. Жарияланған ақпараттардағы азамат Сергей Корягин Қазақстан Республикасында туылған. Бірақ қазіргі таңда ол Ресей Федерациясының азаматы әрі Қарулы Күштерінің әскери қызметкері болып табылады», - деді ресми өкіл.