Чехияда ел тарихындағы ең ірі наразылық акциясы өтеді

Чехия кәсіподақтары бүгін, 27 қарашаға жоспарлаған наразылық акциясына 1 миллионға жуық жұмысшысы бар жүздеген кәсіпорын мен фирма қатысады. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 70% қызметкері наразылық акциясына шығады. Kazinform бұл туралы Риа Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Чехия-Моравия кәсіподақтар конфедерациясының басшысы Йозеф Стршедулы сөзінше, бұл Чехия тарихындағы ең ірі наразылық болмақ.

«Қолда бар деректер бойынша, 27 қарашаға жоспарланған акция Чехияда өткен ең ірі қарсылық шарасы болмақ. Оған кәсіпорын мен фирмалардың 1 миллионға жуық жұмысшысы, сонымен қатар бастауыш және орта мектеп қызметкерінің 70%-ы қатысады. Мақсаты – республика үкіметін қоғамда не болып жатқаны туралы ойлануға мәжбүрлеу. Егер олар (министрлер) мұндай акцияны байқамай, құтылып кетуге болады деп ойласа, қоғамның көңіл күйі тіпті нашарлауы мүмкін», - деп мәлім етті журналистерге елдегі ең ірі кәсіподақтар бірлестігінің көшбасшысы.

Олардың жақында парламент мақұлдап, президент қол қойған мемлекет қаржысын оңалтуға арналған шараларға, оның ішінде мемлекеттік дотацияны төмендету, бірқатар салық жеңілдіктерін жою, кей тауар мен қызмет түрлеріне ҚҚС арттыру, зейнетақы төлеу шарттарын өзгерту және басқа да қатаң шараларға көңілі толмайды. Кәсіподақтар мен оппозицияның пікірінше, реформалар инфляцияның көтерілуіне әкеп соғады, экономиканың өсіміне кері әсер етіп, азаматтардың өмір сапасын төмендетеді.

Сондай-ақ олар министрлер кабинеті мүшелері әлеуметтік диалогқа келгісі келмейтінін атап өтті.

Наразылық жоспары бойынша, бүгін көптеген кәсіпорын өндірістік процесті кемінде бір сағатқа тоқтатады. Ал өндіріс тәртібі оған мүмкіндік бермейтін кәсіпорын жұмысшылары наразылыққа шыққандарды қолдап плакаттар іледі. Акцияға көлік, теміржолшылар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, тамақ және ағаш өңдеу саласы жұмысшылары қатысады. Сондай-ақ акцияға Қарттар ісі бойынша кеңес пен Мүгедектер ісі бойынша кеңес қолдау көрсетті.

Митингі мен шерулер республиканың барлық өңірінде өтеді.