Чехияда қару-жараққа деген сұраныс артты
АСТАНА. KAZINFORM — Чехияда азаматтардың атыс қаруына деген қызығушылығы күрт өсті, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, азаматтарда тіркелген атыс қаруының саны 1,1 миллионға жуықтады. Әсіресе, «флоберовкалар» деп аталатын қаруларға сұраныс артты — олардың саны бір жылда 50%-ға көбейді.
Бұл өсімнің себебі — 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін атыс қаруы мен оқ-дәрілер туралы жаңартылған заң. Осыдан кейін флобер патрондарына арналған қарулар қатаң бақылау категориясына енгізіліп, оны сатып алу үшін лицензия қажет болады. Алайда жаңа ереже тек болашақта сатып алынатын қаруларға қатысты, бұрын алынған қарулар өз иелерінде қалады.
Заң қару-жарақ саудасын қатаң бақылауға алуды көздейді. Саудагерлер күмәнді сатып алушылар туралы хабарлауға міндетті болады — мысалы, рұқсатсыз қару алуға әрекеттенетін, бейқам немесе күйзеліс жағдайында тұрған клиенттер туралы. Сондай-ақ, қауіп төніп тұрған жағдайда қару тәркілеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, медициналық куәландыру мерзімі 10 жылдан 5 жылға қысқартылады.
2023 жылдың соңында Прагада Карлов университетінде студенттің жасаған қарулы шабуылы заңның қатаңдатылуына себеп болды. Сол кезде 14 адам қаза тауып, 25 адам жарақат алған болатын.
Бұған дейін Чехияда аптап ыстықтан қоймадағы оқ-дәрілер жарыла бастағанын жазғанбыз.