Чехияда тыңшылардың аты-жөні Интернетте жария болды

АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат - Чехия сыртқы барлауының мыңдаған қызметкерінің аты-жөні қателесіп Интернетте жария болды,

деп хабарлайды РБК агенттігі.

Коммунистік режім кезінде қызмет еткен Чехия әскери барлауының мыңдаған қызметкерінің аты-жөні Интернетке қателесіп шығып кеткен. Тоталитарлық режімдерді зерттеу жөніндегі Прага институтына сілтеме жасап неміс басылымдарының хабарлауынша, тыңшы агенттердің аты-жөндері Интернетке 2010 жылдың наурыз айында шығып кетіп, шілде айына дейін тұрған.

Ең қызығы сол, құпиялары жария болған агенттердің 380-і 1989 жылы Чехословакияда коммунистік режім құлағаннан кейін де тыңшы болып қалған. Бұқаралық ақпарат құралдарының дерегі бойынша, олардың арасында әлі күнге дейін барлауда қызмет етіп жатқандар бар көрінеді.

Бірақ та, Чехияның Қорғаныс министрлігі әскери барлаудың жұмысына ешқандай қауіп жоқ екенін, себебі жария етілген тізімнің ескі екенін мәлім етті. Дегенмен, бұл оқиғаның бұрын тыңшы болған, бүгінде экономикада немесе дипломатиялық қызметте жұмыс істеп жатқан адамдарға бірқатар жайсыздықтар туғызуы ықтимал екендігі жоққа шығарылмайды.

Қателесіп жария болған тізім Интернеттен алып тасталды, ал арнайы органдар мен Тоталитарлық режімдерді зерттеу институты кінәліні анықтай алмай, дауласуда. Ал құпия ақпаратты жария еткен мұрағат бөлімінің бастығы жұмысынан босатылды, деп хабарлайды немістің Deutsche Welle басылымы.