Чехиядағы парламент сайлауы: саяси күштердің ара салмағы және басты үміткерлер
АСТАНА. KAZINFORM - Чех Республикасында алдағы екі күн ішінде төменгі палата – депутаттар палатасына сайлау өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Депутаттар палатасында 200 мандат бар, олардың иелері төрт жыл мерзімге сайланады. Ел аумағы 14 сайлау округіне бөлінген: 13 аймақ және астана - Прага. Парламентке өту шегі – бір партия үшін 5 пайыз. Екі партиядан құралған коалиция үшін – 8 пайыз, үш және одан да көп партиялардан құралған коалициялар үшін – 11 пайыз.
Сайлау алдындағы күні Чехия Президенті Петр Павел халыққа үндеу жолдап, ол бірқатар БАҚ-та тікелей эфирден көрсетілді. Мемлекет басшысы кейбір саясаткерлердің «осы жылғы сайлау жүйе өзгерісіне әкелуі тиіс» деген мәлімдемелеріне алаңдаушылық білдірді.
– Сайлаудан кейін Чехия Республикасына демократиялық мемлекеттер қауымдастығында егемендігімізді қорғай алатын үкімет қажет болады, – деді Президент.
Deutsche Welle басылымының жазуынша, Президенттің бұл мәлімдемесі биылғы сайлау науқаны әдеттегіден маңыздырақ екенін көрсетіп отыр.
Айта кетейік, соңғы төрт жыл бойы Чехияда либералды-консервативті коалиция билік етіп келді. Оны премьер-министр Петр Фиала басқарады. Алайда үкімет пандемия мен Украинадағы соғыс салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарға байланысты аса танымал емес.
Чехияда өтіп жатқан парламенттік сайлауда басты фаворит ретінде бұрынғы премьер-министр Андрей Бабиш басқаратын оппозициялық «Азаматтардың наразылық акциясы» (ANO) қозғалысы танылып отыр.
Сауалнамаларға сәйкес, ANO қозғалысы сайлаушылардың 28-30 пайыз дауысын жинауы мүмкін. Ал қазіргі үкіметті құрап отырған оңшыл-центристік «Бірге» (Spolu) коалициясы 20-22 пайыз көлемінде дауыс алуы ықтимал. Коалиция құрамындағы тағы бір саяси күш – либералды-консервативтік бағыттағы «Мэрлер мен тәуелсіздер» (STAN) партиясына 10-12 пайыз дауыс беріледі деп болжанып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, сайлау қорытындылары Прага мен Брюссель арасындағы қарым-қатынасқа, Еуропа Одағының болашақтағы саясатына, НАТО-мен байланысқа және ЕО мен Украина арасындағы қатынасқа елеулі әсер етуі мүмкін.
Егер Петр Фиала бастаған қазіргі үкімет биліктен кетсе, Чехияның Еуроодақ басшылығына және тұтастай алғанда, одақтың шығыс қанаттағы саясатына деген көзқарасы өзгеруі ықтимал. Мұндай жағдайда Бабиш пен оның серіктестері Брюссельге қатысты бағытын қайта қарауы мүмкін.
2017–2021 жылдары Чехия Үкіметін басқарған Андрей Бабиш ЕО-ның климаттық өзгерістер мен көші-қон саласындағы саясатын жиі сынға алған.
Осы тұрғыда Брюссельдегі шенеуніктер мен дипломаттар ЕО-ға мүше 27 елдің ішінде Еуропа басшылығының ұстанымдарымен әрдайым келісе бермейтін тағы бір көшбасшы пайда болуы мүмкін деген қауіп бар екенін жасырмайды. Қазіргі таңда мұндай ұстанымды Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан мен Словакия Үкіметінің басшысы Роберт Фицо байқатып отыр. Олар Еуроодақтың энергетикалық саясаты мен Украинаға қолдау көрсету мәселелерінде егемен шешім қабылдап келеді.
Осыған дейін Чехия халқының саны жылдан-жылға азайып бара жатқаны туралы жаздық.