Ол Қазақстанға бірнеше рет келіп, журналист ретінде елдегі саяси оқиғаларды үздіксіз жариялап отырғанын атап өтті. Сарапшының пікірінше, Қазақстандағы саяси өзгерістердің қажеттілігі, соның ішінде, әлемде орын алып жатқан жаһандық үдерістермен де байланысты.
— Соңғы бірнеше жылда әлемдегі қоғамдық-саяси жағдай түбегейлі өзгерді. Орталық Азия елдері үшін экономикалық та, саяси да жаңа сынақтар мен қатерлер пайда болды. Осындай жаһандық жағдайда Қазақстанның бұрынғы мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына толық жауап бере алмады. Оны өзгерту қажеттілігі туындады. Біздіңше, биліктің қарқынды құбылып жатқан сын-қатерлерге жедел әрекет етуіне мүмкіндік беру үшін Конституцияны өзгертуге, ең алдымен, осы жайт негіз болды, — деді сарапшы.
Қазақстанның бірпалаталы парламентке көшуі туралы сөз қозғаған Текушев бұл бұрылыстың басты мақсаттарының бірі — заң шығарушы органның тиімділігін арттыру екенін айтты.
— Бұл қадамның саяси жүйеге нақты қалай әсер ететінін кесіп айту қиын. Менің ұғуымша, мұндағы басты идея — заң шығару деңгейіндегі үдерістерге жылдам ықпал етіп, жедел әрекет етуі үшін парламенттің пәрменділігі мен партиялардың өкілдігін арттыру. Оның нәтижесін уақыт көрсетеді, — деді сарапшы.
Бұдан бұрын бүгін Қазақстанда Құрылтай сайлауы алдындағы тыныштық күні басталды.