Чектегі ЖСН: қыркүйектен бастап не өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сатып алушының ЖСН-ін фискалдық чекте көрсету талабы бірнеше жылдан бері бар. Алайда жекелеген жағдайларда бұл тәртіп біртіндеп өзгеріп келеді. Биылғы жылғы 19 қыркүйектен бастап ақылы медициналық қызметтерге қатысты бөлек міндетті талап енгізіледі.

Фото: Pexels

Ал дүкендерде ЖСН бұрынғыдай сатып алушының қалауы бойынша ғана көрсетіледі. Бұл дерек салық органдарына не үшін қажет болуы мүмкін, ЖСН-ді айтудан бас тартуға бола ма, чекке басқа адамның нөмірі жазылып кетсе не болады? Осы сауалдарға салық органдары жауап берді.

Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамада жалпы тәртіп бекітілген. Оған сәйкес, сатып алушы талап еткен жағдайда бақылау-касса машинасының чегінде оның сәйкестендіру нөмірі — ЖСН немесе БСН көрсетілуі мүмкін.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бақылау-касса машиналарын қолданудың жаңа қағидалары күшіне енді. Онда да осы тәртіп сақталды. Қажет болған жағдайда ЖСН чекке сатып алушының өз өтініші бойынша енгізіледі.

Алайда 2026 жылғы 19 қыркүйектен бастап ақылы медициналық қызметтерге қатысты бөлек талап енгізіледі. Медициналық қызмет көрсетілген кезде пациенттің өзі сұрамаса да, оның ЖСН-і чекте міндетті түрде көрсетілуге тиіс.

Бұл міндетті талап дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмекке қолданылмайды.

Талап деректерді тіркеу және беру функциясы бар онлайн бақылау-касса машиналарын пайдаланатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға, оның ішінде медициналық ұйымдарға қатысты.

ЖСН чекте не үшін қажет?

Салық органдарының мәліметінше, ЖСН көрсетудің бір мақсаты — сауданың ашықтығын арттыру, тауарлар мен қызметтердің айналымын бақылауды күшейту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

Сатып алушы үшін ЖСН көрсетілген чек электрондық шот-фактура рәсімдемей-ақ салықтық шегерімді қолдану кезінде шығынды растайтын құжат бола алады.

Чектегі мәліметтер камералдық бақылау кезінде де пайдаланылуы мүмкін.

— Камералдық бақылау кезінде бақылау-касса машиналарының чектеріндегі мәліметтер жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын салыстыру үшін пайдаланылуы мүмкін, — деп түсіндірді салық органдары.

ЖСН-ді айтудан бас тартуға бола ма?

Сауда орнында сатып алушы ЖСН-ін ауызша айта алады, жеке куәлігін көрсете алады немесе бақылау-касса машинасымен біріктірілген қосымшалар арқылы автоматты түрде бере алады. Мұндай мүмкіндік мобильді банкинг немесе QR-төлем кезінде де бар.

Алайда жалпы тәртіп бойынша ЖСН чекке сатып алушының талабы бойынша енгізіледі. Сондықтан адам оны айтпауға құқылы. Мұндай бас тартудың сатып алушы үшін қандай да бір салдары болмайды.

Тек ақылы медициналық қызмет көрсетілген кезде ЖСН-ді чекке енгізу міндетті болады.

Басқа адамның ЖСН-і көрсетілсе не болады?

Сатып алушы сатушыға қателесіп басқа адамның ЖСН-ін немесе қате нөмір айтқан жағдай нормативтік актілерде бөлек реттелмеген.

ЖСН чекке сатып алушының өзі берген мәлімет бойынша енгізіледі. Егер сатушы алынған деректі дұрыс енгізсе, берілген мәліметтің дұрыстығына оның жауап беретіні заңнамада тікелей белгіленбеген.

Алайда мұндай қателік сатып алушының өзіне қиындық туғызуы мүмкін. Кейін ол мұндай чекті салықтық шегерімді қолдану кезінде немесе даулы жағдай туындаса, өз шығынын растау үшін пайдалана алмайды.

ЖСН көрсетілген барлық сатып алуды көруге бола ма?

Қазір азаматтардың белгілі бір ЖСН көрсетілген барлық сатып алу тарихын көруіне мүмкіндік беретін жеке сервис жоқ.

Салық органдарының қолданыстағы сервистері арқылы алдағы төлемдер мен берешекті тексеруге, декларациялар мен өтініштер беруге, салық режимін таңдауға, контрагенттерді тексеруге, көлік салығы мен өсімпұлды есептеуге болады. Алайда адамның ЖСН-і көрсетілген барлық чектің тізімін көру мүмкіндігі әзірге жоқ.

Деректер қалай қорғалуға тиіс?

Сатып алушылардың дербес деректері дербес деректер туралы заңнама талаптарына, салық құпиясын сақтау тәртібіне және фискалдық деректер операторларына жүктелген міндеттерге сәйкес қорғалады.

Операторлар салық төлеушілер туралы ақпараттың қорғалуын қамтамасыз етуге және салық құпиясын сақтауға міндетті. Есеп айырысу туралы деректер кемінде бес жыл сақталуға тиіс.

Сауда орындарынан немесе фискалдық деректер операторларынан ЖСН туралы мәлімет тарап кеткен жағдайда дербес деректерді заңсыз жинау, сақтау және тарату үшін заңнамада көзделген жалпы жауапкершілік қолданылады.

Кәсіпкерлер фискалдық чектің мазмұнына қойылатын талаптарды бұзғаны үшін де жауап береді. Міндетті деректемелерді, оның ішінде көрсетілуге тиіс жағдайларда ЖСН немесе БСН-ді чекке енгізбегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Талап алғаш рет бұзылса, кәсіпкерге ескерту жасалады. Бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл салынады. Оның мөлшері салық төлеушінің санатына байланысты.

Осылайша, сатып алушылардың басым бөлігі үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Дүкенде ЖСН чекке сатып алушының қалауы бойынша ғана енгізіледі. Ақылы медициналық қызметтерге қатысты бөлек міндетті талап қолданылады. Фискалдық чектердегі мәліметтерді салық органдары жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын салыстыру кезінде де пайдалана алады.

Бұған дейін аты-жөнін ауыстырған адамның ЖСН-і өзгере ме — осы туралы жазған едік.