07:57, 10 Маусым 2009
«Челсидің» бұрынғы жаттықтырушысы енді өзбек футбол клубын алға сүйремек
ЛОНДОН. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат - Бразилиялық жаттықтырушы Луис Фелипе Сколари өзбектің «Бунедкор» клубымен 18 айға келісімшартқа отырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Би-Би-Си телекомпаниясына сілтеме жасап. 60 жастағы тәлімгер сондай-ақ Балалар футболы академиясына да жетекшілік ететін болады. Ташкенттік «Бунедкор» кәсіпқой футбол клубы ел чемпионатының жоғарғы лигасында ойнайды және ол - 2008 жылғы Өзбекстанның чемпионы, Өзбекстан Кубогының иегері және 2008 жылы Азиялық чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан болатын. Бұған дейін, атап айтқанда 2008-2009 жылдары ағылшынның «Челси» клубының, 2003-2008 жылдары Португалия құрамасы бас жаттықтырушысы міндетін атқарған Сколари лиссабондық «Бенфика» клубы мен Ангола құрамасының ұсыныстарын да қараған болатын. Сколари өзінің жаңа міндетіне шілденің 1-інен бастап кіріседі.