Челябіде алаяқтық жасағаны үшін 4 жыл бойы іздеуде болған қарағандылық азаматша ұсталды

None
ҚАРАҒАНДЫ. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Ресейлік Челябі қаласында алаяқтық жасағаны үшін 4 жыл бойы іздеуде болған қарағандылық азаматша ұсталды, деп хабарлайды Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

«Ресей Федерациясының Челябі қаласында Қарағанды облыстық ІІД-нің іздеу тобы ресейлік әріптестермен бірлесіп отанында алаяқтық жасағаны үшін іздеуде болған 32 жастағы Қарағанды облысының тумасы ұсталды. Қазіргі уақытта ол Челябі қалалық ІІБ-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды», - делінеді хабарламада.

Полицияның ақпаратынша, төрт жыл бұрын әйел 2 млн. астам теңге көлеміндегі ақшаны алдау жолымен иеленді. 2009 жылы оған қатысты қылмыстық іс қозғалды, бірақ ол тергеуден жасырынды.

Қарағанды облысында 12-14 наурыз аралығында «Іздеу» республикалық жедел-іздестіру шарасы өтуде.