Чемпиондар лигасы: Алматылық «Қайрат» «Олимпияның» осал тұсын таба ала ма

Фото: Футболдан Қазақстан кәсіби лигасы

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» футбол командасы UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде бүгін Словенияның «Олимпия» командасымен кездеседі.

Бұл ойын бүгін, 8 шілдеде Словенияда өткізілсе, қарымта ойын Алматыда 15 шілдеге белгіленген.

Кездесу қазақстандық уақытпен 22:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Алматылық клуб еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып келеді. Дегенмен соңғы екі жылда бақ сынаған жоқ. 2022/23 жылғы маусымда Конференция лигасы екінші іріктеу кезеңінде Венгрияның «Кишварда» (0:1, 0:1) командасынан екі мәрте жеңіліп қалды.

«Олимпия» командасы 1945 жылы құрылған. Қазірге дейін өз елінде сегіз мәрте чемпион атанды. Еурокубок ойындарына алғаш рет 1966 жылы қатысты. Соңғы рет 2020/2021 жылғы маусымда еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңіне дейін жетті.

Сондай-ақ биыл қазақстандық «Ақтөбе» Еуропа лигасы, «Ордабасы» және «Астана» Конференция лигасында ел намысын қорғайды.