Чемпиондар лигасы: «Бавария» сырт алаңда «Селтикті» тізе бүктірді

Фото: Фото: skysports.com

АСТАНА. KAZINFORM - UEFA Чемпиоандар лигасы плей-офф сатысындағы екінші ойын күні өтті. 

12 ақпанда Германияның «Бавария» командасы сырт алаңда Шотландияның «Селтигімен» кездесті.

Германиялық ұжым аталған ойында жеңіске жету жолын іздеді. Соған қарамастан алғашқы голды Майкл Олисе 45-минутта соқты. Ал екінші кезеңнің 49-минутында Харри Кейн өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Шотландиялық клуб та «Баварияға» лайықты қарсылық көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Дайдзен Маэда 79-минутта есеп айырмасын қысқартты. Осылайша «Бавария» сырт алаңда қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ бұл күні өз алаңында бельгиялық «Брюгге» Италияның «Аталантасын» 2:1 есебімен жеңсе, нидерландтық «Фейеноорд» Италияның «Миланынан» 1:0 есебімен басым түсті. Ал франциялық «Монако» Португалияның «Бенфикасына» 0:1 есебімен есе жіберді. 

Жарыстың аталған сатысындағы қарымта ойындар 18-19 ақпан күндеріне белгіленген. 

Еске салсақ, бұдан бұрын «Реал Мадрид» Англияда «Манчестер Ситиді» жеңді.