Чемпиондар лигасы: «Интер» сырт алаңда «Будё-Глимттен» жеңіліп қалды

Фото: Championat.com

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің екінші ойын күні өтті.

Бұл күнгі ойындар арасынан Италияның «Интер» командасының сырт алаңда Норвегияның «Будё-Глимт» клубынан 1:3 есебімен жеңіліп қалғаны жанкүйер күтпеген оқиға болды. 

Кездесу барысында норвегиялық командадан Сондре Брунстад 20-минутта есеп ашса, оған италиялық клубтан Франческо Эспозито 30-минутта бір голмен жауап қайырды. Одан кейін «Будё-Глимт» сапынан Йенс Петтер Хёуге 61, Каспер Хёг 64'-минутта мергендігімен көзге түсті.  

Сондай-ақ бұл күнгі ойындарда әзербайжандық «Карабах» Англияның «Ньюкасл Юнайтедіне» 1:6, Грекияның «Олимпиакосы» германиялық «Байерге» 0:2 есебімен есе жіберсе, «Брюгге» (Бельгия) өз алаңында «Атлетико Мадрид» (Испания) командасымен 3:3 есебімен тең түсті.

Ал алғашқы ойын күнінде «Галатасарай» Италияның «Ювентусін» 5:2, франциялық «Пари Сен-Жермен» сол елдің тағы бір өкілі «Монаконы» 3:2, «Боруссия Дортмунд» «Аталантаны» 2:0 есебімен тізе бүктірсе, Испанияның «Реал Мадриді» Португалияның «Бенфикасынан» 1:0 есебімен басым түсті. 

Қарымта ойындар 24 және 25 ақпан күндеріне белгіленген.

Ал негізгі кезеңде үздік сегіздікке іліккен «Арсенал» (Англия), «Бавария» (Германия), «Ливерпуль» (Англия), «Тоттенхэм Хотспур» (Англия), «Барселона» (Испания), «Челси» (Англия), «Спортинг» (Португалия), «Манчестер Сити» (Англия) клубтары бірден ширек финалға жолдама алады.