Чемпиондар лигасы: «Қайрат» алғашқы ойында «Олимпиямен» тең түсті

Фото: «Қайрат» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Алматылық «Қайрат» футбол командасы UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде бүгін Словенияның «Олимпия» командасымен алғашқы ойынын өткізді.

Кездесу барысында словениялық футболшылар кездесу басталғаннан тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Олар алматылық клуб қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Десе де оған «Қайрат» лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. 

Екінші кезеңде командалар алға қарай ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде алматылық клуб алға шықты. Ойынның 59-минутта әріптесі Жоржиньоның берген пасын Дастан Сәтпаев голға айналдырды.

Бұдан кейін «Олимпия» ойыншылары таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде олардың қатарынан 66-минутта Диогу Пинто мергендік танытты.

Кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Енді қарымта ойын 15 шілдеде Алматы қаласында өткізіледі.

Бұл жұпта жеңімпаз атанған команда екінші іріктеу кезеңінде «КуПС» (Финляндия) мен «Милсами» (Молдова) жұбының жеңімпазымен ойнайды

Сондай-ақ биыл қазақстандық «Ақтөбе» Еуропа лигасы, «Ордабасы» және «Астана» Конференция лигасында ел намысын қорғайды.