Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін Словакияның «Слован» командасымен кездеседі

Фото: «Қайрат» футбол клубы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде алғашқы ойынын өткізеді.

Жарыстың аталған сатысында қазақстандық клуб Словакияның «Слован» командасымен шеберлік байқасады. 

Алғашқы ойын бүгін, 5 тамызда Алматы қаласында қазақстандық уақытпен 20:00–де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 

Бұл кездесуде Нидерланд елінің өкілі Сердара Гэзюбююк бастаған төрешілер бригадасы қызмет атқарады. Оған отандастары Эрвин Зейнстра мен Патрик Иниа көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі — Янник ван дер Лаан.

Қарымта ойын 12 тамызда Словакия астанасы Братислава қаласында болады.

Алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.
Ал словакиялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасын (4:0, 2:2) жеңді.

«Слован» командасы 1919 жылы құрылған. Өз елінде 15 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Сондай-ақ 5 мәрте күміс, 6 мәрте қола жүлдегер атанды. Оған қоса 10 мәрте Словакия кубогын төбесіне көтерді.

Словакиялық клубтың бас бапкері Владимир Вайсс 2013-2015 жылдарда «Қайраттың» тізгінін ұстаған еді.

Қазіргі құрамында 2019-2021 жылдарда қазақстандық «Қайсар», «Астана» клубтарының намысын қорғаған армениялық футболшы Тигран Барсегян ойын көрсетеді.

Егер «Қайрат» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінен іркілмей өткен жағдайда плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.

Ал Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түскен жағдайда швейцариялық «Янг Бойз» клубымен шеберлік байқасуы мүмкін.