АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде алматылық «Қайрат» пен шотландиялық «Селтик» командаларының қарымта кездесуінде қай елдің төрешілері қызмет атқаратыны белгілі болды.
Бұл ойын 26 тамызда қазақстандық уақытпен 21:45–те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталған ойында иалиялық Маурицио Мариани бастаған төрешілер бригадасы қызмет атқарады. Оған отандастары Даниеле Биндони мен Альберто Тегони көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Маттео Маркетти.
Алматылық футболшылар аталған турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командасын қапы қалдырып кетті.
«Селтик» еурододадағы алғашқы ойынын плей-офф кезеңінен бастады.
Алғашқы кездесуде командалар 0:0 есебіне қанағат білдірген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.