Чемпиондар лигасы: «Қайрат» сырт алаңда «Интерге» есе жіберді

Фото: ru.uefa.com/

 АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің төртінші турында қазақстандық «Қайрат» Италияның «Интер» командасына есе жіберді.

Алғашқы минуттан италиялық команда тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Алаң иелері Темірлан Анарбеков қорғаған қақпа маңында жиі бой көрсетті. Десе де олар кейбір сәтте көздеген нысанадан мүлт кетсе, енді бірінде қазақстандық қақпашы сыр берген жоқ.

Ойын барысында негізінен италиялық команда шабуыл жасады. Арасында алматылық клуб ойыншылары қарсы шабуылға шықты. Олардың қатарынан Дастан Сәтпаевтың белсенділігі байқалып тұрды.

Ойынның 44-минутында «Интер» сапынан аргентиналық шабуылшы Лаутаро Мартинес гол соғып кетті. Ал 56-минутта алматылық клуб сапынан Офри Арад бұрыштамадан әуелей көтерілген допты баспен Ян Зоммер қорғаған «Интер» қақпасына соғып кетті. Дегенмен 67-минутта италиялық клубтан Карлос Аугустоның алыстан тепкен добына Темірлан Анарбеков тосқауыл қоя алған жоқ.

Осылайша алматылық команда қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Қазірге дейін италиялық клуб аталған тунирдегі үш ойында бірде-бір мәрте өз қақпасына гол жібермеген еді. Алдымен Нидерландтың «Аяксын» 2:0 есебімен жеңсе, одан кейін Чехияның «Славиясын» 3:0, Бельгияның «Юнион Сен-Жилуазын» 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Ал «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.

Енді алматылық клуб алдағы ойынын 26 қарашада сырт алаңда Данияның «Копенгаген» командасына қарсы өткізеді.