Чемпиондар лигасы: «Манчестер Сити» турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды

Фото: Фото: championat.com

АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің алтыншы туры мәресіне жетті.

Бұл күні Англияның «Манчестер Сити» командасы жеңілістің ащы дәмін татты. Сырт алаңда Италияның «Ювентус» клубына 0:2 есебімен жол берген ұжым жағдайын қиындатып алды.

Олар алты ойынның небәрі екеуінде ғана қарсыластарын қапы қалдырса, екеуінде тең нәтижеге қанағат білдірді. Екі мәрте жеңіске жеткен англиялық клуб турнир кестесінде сегіз ұпаймен 22-орынды місе тұтып тұр. Алдағы ойындарда ұпай қорын молайта түспесе, плей-офф сатысына берілетін жолдамадан құр қалуы әбден мүмкін.

Ал испаниялық «Атлетико Мадрид» өз алаңында Словакияның «Слованын» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, германиялық «Боруссия Дортмунд» Испанияның «Барселонасына» 2:3 есебімен жол берді.

Алтыншы турдағы өзге ойын нәтижелері:

«Лилль» (Франция) - «Штурм» (Австрия) 3:2 

«Арсенал» (Англия) - «Монако» (Франция) 3:0 

«Бенфика» (Португалия) - «Болонья» (Италия) 0:0

«Фейеноорд» (Нидерланд) - «Спарта Прага» (Чехия) 4:2

«Милан» (Италия) - «Црвена Звезда» (Италия) 2:1

«Штутарт» (Германия) - «Янг Бойз» (Швейцария) 5:1.

Енді алдағы тур ойындары 2025 жылдың 21 және 22 қаңтары күндері өткізіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасында «Ливерпуль» алты ойын қатарынан жеңіске жетті.