Чемпиондар лигасы: «Ливерпуль» алты ойын қатарынан жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің алтыншы турының алғашқы ойын күні өтті.

Аталған турнирде биыл алғаш рет 36 команда бақ сынап жатыр. Дүбірлі доп додасында командалар жаңадан әзірленген нұсқа бойынша сайысқа түсуде.
Алтыншы турдың шымылдығын екі ойын ашып берді. Алдымен Испанияның «Жирона» командасы өз алаңында Англияның «Ливерпуль» клубымен шеберлік байқасты. Бұған дейін бірде-бір ұпайдан шашау шығармаған ағылшындық клуб бұл жолы да сүрінген жоқ. Кездесу тағдырын Мохамед Салах 63-минутта пенальтиден соққан жалыз гол шешті. Осылайша қарсыласын 1:0 есебімен тізе бүктірген «Ливерпуль» алты ойында да жеңіске жетіп, жарыстың келесі сатысына шықты. Ал «Динамо Загреб» (Хорватия) пен «Селтик» (Шотландия) арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ. Қос команда 0:0 есебімен тең тарқасты.
Екінші турдың алғашқы ойын күні қос ойыннан бөлек, тағы да жеті кездесу өтті. Бельгиялық «Брюгге» командасы Португалияның «Спортинг Лиссабонын» 2:1, франциялық «Брест» (Франция) футбол клубы Нидерланд өкілі ПСВ клубын 1:0 есебімен жеңді.
«Аталанта» (Италия) мен «Реал Мадрид» (Испания) арасындағы ойын 2:3 есебімен корольдік клубтың пайдасына аяқталды. «Байер» (Германия) клубы «Интер» (Италия) командасын 1:0 есебімен қапы қалдырды. Ал, аустриялық «Зальцбург» Францияның «Пари Сен-Жерменінен» 0:3, украиналық «Шахтер Донецк» азулы «Бавариядан» 1:5, Германияның «Лейпцигі» Англияның «Астон Вилласынан» 2:3 есебімен жеңілді.
Екінші ойын күні, яғни 11 желтоқсанда 22.35-те «Атлетико Мадрид» (Испания) пен «Слован» (Швейцария), 00:50-де «Ювентус» (Италия) пен «Манчестер Сити» (Англия) кездеседі. Аталған екі кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ «Боруссия Дортмунд» (Германия) пен «Барселона» (Испания) ойынын 00:50-де тікелей эфирде «Qazaqstan» телернасынан көруге болады.
Одан бөлек «Лилль» (Франция) мен «Штурм» (Австрия), «Арсенал» (Англия) мен «Монако» (Франция), «Бенфика» (Португалия) мен «Болонья» (Италия), «Фейеноорд» (Нидерланд) пен «Спарта Прага» (Чехия), «Милан» (Италия) мен «Црвена Звезда» (Италия), «Штутарт» (Германия) пен «Янг Бойз» (Швейцария) ойнайды.