Чемпиондар лигасы: «Ордабасы» бүгін «Петрокубпен» қарымта кездесу өткізеді

Фото: Кazfootball.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін қазақстандық «Ордабасы» футболдан Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде молдовалық «Петрокуб» клубымен қарымта кездесу өткізеді.

Ойын қазақстандық уақытпен 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Шымкенттік клуб былтыр ел біріншілігінде бірінші рет чемпион атанды. Нәтижесінде биыл алғаш рет Чемпиондар лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды.

«Петрокуб» командасы 1999 жылы құрылған. Бұл клубта да өз елінде алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды.

Шымкент қаласында өткен алғашқы ойында командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Аталған кездесуде жеңіске жеткен командалар Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездеседі. Ал жеңілгені Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде сынға түседі.

Айта кетсек, биыл Еуропа лигасында қостанайлық «Тобыл», Конференция лигасында елордалық «Астана» және «Ақтөбе» командалары ел намысын қорғайды.