Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» ширек финалдан аса алмады

Фото: Фото: qazsporttv.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалына шыққан тағы екі команда анықталды.

Ширек финалдағы кездесудің бірінде «Реал Мадрид» (Испания) пен «Арсенал» (Англия) командалары жасыл алаңға шықты.

Алғашқы ойында англиялық клуб 3:0 есебімен жеңген еді. Сондықтан корольдік команда аталған кездесуде көбірек гол соғу мүмкіндігін іздеді. Кездесу барысында «Арсенал» сапынан Букайо Сака 65-минутта есеп ашса, «Реал Мадрид» футболшысы Винисиус Жуниор 57-минутта таразы басын теңестірді. Ал 93-минутта англиялық клубтан Габриель Мартинелли қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Реал Мадрид» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, ширек финалда жарыс жолын аяқтады. 

Тағы бір кездесуде «Интер» (Италия) мен «Бавария» (Германия) шеберлік байқасты.
Ойында италиялық клубтан Лаутаро Мартинес 58, Бенжамен Павар 61, германиялық командадан Гарри Кейн 52, Эрик Дайер 76-минутта гол соқты.

Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Алғашқы ойында «Интер» 2:1 есебімен басым түскен еді. Нәтижесінде италиялық ұжым жарысты жалғастыратын болды.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Барселона» (Испания) командалары жартылай финалға жолдама алды.

Финал 31 мамырда Германияның Мюнхен қаласындағы «Альянц арена» стадионында өткізіледі.