Семейлік ұжым аталған турнирге өз тарихында тұңғыш мәрте қатысып отыр. Есесіне қарсыласы Чемпиондар лигасында 2018/19, 2020/21 жылдарда чемпион атанса, бес мәрте күміс жүлдегер болды.
Соған қарамастан кездесу барысында семейлік клуб алғашқы болып есеп ашты. Олардың қатарынан Кайо Торрес 4-минутта мергендік танытса, 19-минутта португалиялық командадан Татиньо таразы басын теңестіріп кетті.
Екінші кезеңде «Спортинг Лиссабон» сапынан Тайнан 23, 30, 36, Паулета 25, 31-минутта гол соқса, оған «Семей» клубынан Габриель Кандидо 29, Шыңғыс Есенаманов 37, Дедезиньо 39-минутта үш голмен қайырды.
Осылайша семейлік команда қарсыласына 4:6 есебімен есе жіберді.
Енді семейлік клуб 23 қазанда алматылық «Қайрат», 25 қазанда Венгрияның «Халадаш» клубымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бүгін 20:00–де «Қайрат» пен «Халадаш» командалары ойнайды.